Caravan.kz медиа порталының тілшісі Қазақстанның бүгінгі басымдықтарын айқындап, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың басты ерекшеліктеріне шолу жасайды.
Қазіргі әлем бұрын-соңды болмаған күрделі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Геосаяси және экономикалық тұрғыдан тұрақсыздық күшейіп, халықаралық қауіпсіздік жүйесінің теңгерімі бұзылды. Осыған байланысты жаһандық қоғамдастық қауіпсіздік мәселесіне айрықша мән беріп отыр. Бүгінде салыстырмалы тұрақтылықтың ұзақ кезеңі аяқталды деуге толық негіз бар. Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшылары алдағы онжылдықты полидағдарыс кезеңі деп атап отыр. Бұл – әртүрлі қауіп-қатерлердің өзара тоғысып, тәуелділіктің күшеюі нәтижесінде жаңа сын-қатерлердің бұрынғы проблемалармен ұштасқан уақыты. Мұндай жағдайда геосаяси бөлшектену мен сенімсіздік жаһандық ынтымақтастықтың дамуына елеулі тосқауыл болып тұр.
Осындай ахуалда Қазақстан өзінің сыртқы саясатында барынша прагматикалық бағытты ұстанып келеді. Осы тақырып төңірегінде біз саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасыммен сұхбаттастық. Оның айтуынша, елдің көпвекторлы саясаты – әлемдік тұрақсыздық жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралы.

Риззат Тасым
Саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы
— Бүгінгі сыртқы саясаттың басты ерекшеліктері неде? Мемлекет басшысының көпвекторлы саясаты бізді қайда алып келеді?
«Қазақстан бүгінде халықаралық сахнада орта держава ретінде танылып, көпжақты ынтымақтастық қағидатын дәйекті түрде ілгерілетіп отыр. Әрине, ірі державалар арасындағы қайшылықтардың тереңдеуі біз үшін белгілі бір шектеулер туғызуда. Барлық тараппен бірдей достық қатынасты сақтау барған сайын күрделеніп келеді. Соған қарамастан, тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақыт ішінде қоғамда көпвекторлы саясаттың маңыздылығына деген сенім қалыптасты», – дейді саясаттанушы Риззат Тасым.
Сарапшының айтуынша, дәл осы саясат елдің егемендігі мен тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Қоғам да мұны жақсы түсінеді: көпвекторлы бағыттан біржақты ауытқу – ел мүддесіне сай келмейтін шешім болар еді.
«Сондықтан бүгінде көпвекторлы саясаттың прагматикалық және нәтижеге бағытталған қырларын күшейту қажеттігі туындап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттың маңызын бірнеше рет айқын атап өткен. Ал оның өміршең тетіктерін іс жүзінде көру – алдағы уақыттың еншісінде», — дейді саясаттанушы.
— Ішкі саяси тұрақтылық пен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан қандай нақты шараларды жүзеге асырып келеді?
«Шын мәнінде, кез келген реформаның түпкі мақсаты – әділет үстемдік еткен мемлекет құру. Себебі халықтың сенімі мен болашаққа деген үміті ең алдымен әділет ұғымынан бастау алады», — дейді саясаттанушы.
Сарапшының айтуынша, бүгінде «ескі» мен «жаңа» кезеңді бөліп тұрған өтпелі уақыт артта қалды. «Әділетті Қазақстан» идеясы елдің даму бағытын айқындайтын ең өзекті идеологиялық тұжырымдамаға айналды. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы – мемлекеттің игілігін әділ бөлу, әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру және қоғамдағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған. Соңғы жылдары билік тармақтары арасындағы теңгерім орнап, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді қалпына келтіру бағытында маңызды қадамдар жасалып жатыр.
«Өткен кезеңде ұлттық байлықтың жекелеген топтардың қолында шоғырлануы, заңсыз капиталдың шетелге шығарылуы сияқты келеңсіз құбылыстар қоғамда әділет сезіміне селкеу түсіргені жасырын емес. Сондықтан әлеуметтік әділеттілікті орнатудың маңызды бөлігі – елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару. Бұл қаражат халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отыр», – дейді Риззат Тасым.
Конституциялық реформалардан кейін жер мен жер қойнауындағы байлықтың халыққа тиесілі екені нақты жазылды. Осы қағиданы іске асырудың басты тетігі ретінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бастама табиғи рентаны әділ бөлуге, сондай-ақ болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етуге бағытталған жүйелі саясаттың айқын көрінісі.
«Әрине, қоғамда сын да, пікір алуандығы да бар. Дегенмен соңғы жылдары қалыптасқан жасанды әлеуметтік теңсіздікті азайту және қоғамда әділ тепе-теңдікті орнату үдерісі нақты жүріп жатқаны анық. Бұл – күрделі, бірақ қайтымсыз сипаттағы реформа. Оның табысты болуы мемлекеттік саясаттың тұрақтылығына және азаматтардың әділетке деген сеніміне тікелей байланысты», — дейді сарапшы.
Саясаттанушының пікірінше, «Әділетті Қазақстан» идеясын іске асыру үшін адал, ұлтжанды кадрлар қажет. Өйткені әділет – тек саяси ұғым емес, ол қоғамдық ұйысудың іргетасы.
«Біріншіден, әділетті қоғам құру үшін соған сай қоғамдық атмосфера қалыптастыру маңызды, яғни жаңа қоғамдық этика. Екіншіден, әділеттілік тек мемлекеттік аппараттың мойнында болмауы тиіс – ол бүкіл қоғамның ортақ ісі. Сол себепті қоғам өз ішінен адалдық пен әділдікке негізделген «қоғамдық хартияны» қалыптастыруы қажет. Бұл ретте адал азаматтар мен әділ кадрлар – «Әділетті Қазақстанның» ең басты тірегі», – дейді Риззат Тасым.
— Еліміздің халықаралық беделін арттыру және өңірлік көшбасшылықты нығайту үшін қандай қадамдар керек? Қасым-Жомарт Тоқаев орта державалардың мүддесін қалай алға тартып жүр, ал алпауыт елдер оларға қаншалықты тәуелді?
«Қазіргі таңда қоғамның бірлігі мен елдің ішкі тұрақтылығы бұрынғыдан да маңызды. Ұлтты ұйыстыратын басты күш – ортақ елдік мүдде. Орта держава ретінде танылу – маңызды жетістік, алайда сол мәртебеге сай болу, яғни ұлттық әлеуетті нығайту – нағыз тарихи миссия», – дейді саясаттанушы.
Бұл ең алдымен елдің саяси, экономикалық және интеллектуалдық әлеуетін үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Сондықтан Қазақстанның алдында тұрған негізгі міндет – осы рөлге сай ұлттық әлеуетті күшейту.
«Бұл дегеніміз – экономиканы әртараптандыру, адами капиталды дамыту, инновация мен білімге салынатын инвестицияны ұлғайту. Мұндай бағыт елдің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, ішкі тұрақтылығын да бекіте түседі. Басқаша айтқанда, орта держава немесе мықты мемлекет болу – мақсат емес, бұл – ұзақ мерзімді ұлттық миссия», – дейді сарапшы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 77-сессиясындағы жалпы дебатта айтқан ойлары осы бағыттағы ұстанымды айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі халықаралық қатынастарда Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін қалаған үш іргелі қағидатқа – егемендік теңдігіне, аумақтық тұтастыққа және бейбіт қатар өмір сүруге қайта оралу аса маңызды.
«Бұл үш қағидат өзара бір-бірімен тығыз байланысты және бірін сақтау автоматты түрде қалған екеуін де құрметтеуді білдіреді. Керісінше, бір қағидатты бұзу – қалған екеуін де бұзумен тең. Бұл тұжырым қазіргі геосаяси шиеленістердің өзегіне дәл тиіп отыр», – дейді сарапшы.
Әлемде күш саясатының күшеюі мен қақтығыстардың жиілеуі жағдайында Президент Тоқаевтың үндеуі халықаралық құқықтың беделін қалпына келтіруге және БҰҰ миссиясын жаңаша серпінмен жалғастыруға бағытталған маңызды бастама. Осы тұрғыда Қазақстан өзін жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікке мүдделі жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде танытып отыр.
«Сонымен қатар еліміз бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін жаңғыртуға және диалогқа негізделген халықаралық қатынастарды дамытуға нақты үлес қосуда. Бұл – көпвекторлы, прагматикалық және салмақты сыртқы саясаттың нақты нәтижесі», – дейді Риззат Тасым.
— Алдағы жылдары ішкі және сыртқы саясаттағы басты қиындықтар мен мүмкіндіктер туралы болжамыңыз.
«Ішкі саясаттағы негізгі қиындықтар ең алдымен әлеуметтік әділдік пен экономикалық теңгерімді сақтау мәселесіне байланысты болмақ. Қазірдің өзінде әлемдік экономиканың баяулауы, жаһандық инвестиция үшін бәсекенің күшеюі, технологиялық трансформация және инфляциялық қысым халықтың табысына тікелей әсер етіп отыр», – деп есептейді сарапшы.
Сонымен қатар қоғамда әлеуметтік сұраныс деңгейі артты, дейді сарапшы, яғни азаматтар мемлекеттен жедел, әділ әрі ашық шешімдер күтеді. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруды, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтуді және жаңа әлеуметтік келісім моделін қалыптастыруды қажет етеді. Сондай-ақ, саяси мәдениеттің сапалық тұрғыдан өсуі – алдағы кезеңнің маңызды міндеттерінің бірі.
«Сыртқы саясатта басты қиындықтар геосаяси турбуленттілік пен ірі державалар арасындағы бәсекенің күшеюімен байланысты болады. Энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы жаңа сын-қатерлер аймақтық тұрақтылыққа әсер етеді. Алдағы онжылдықта геосаяси және экономикалық тенденциялардан туындайтын экологиялық және әлеуметтік дағдарыстар тереңдей түсуі мүмкін. Азық-түлік, жанар-жағармай мен баға дағдарыстары халықтың әлеуметтік осалдығын арттырады, ал адамның дамуына бағытталған инвестициялардың азаюы – жалпы тұрақтылыққа кері әсерін тигізеді«, – дейді Риззат Тасым.
Міне, осындай сын сәттерде мемлекеттің де, қоғамның да қаншалықты берік іргетас қалыптастырғаны сыналады. Демек, алдағы кезең – сын мен мүмкіндік қатар жүретін уақыт болмақ.
«Біздің басты артықшылығымыз – саяси тұрақтылық, бейбіт ұстаным және реформаларға деген институционалдық ерік. Дәл осы факторлар Қазақстанның жаңа тарихи дәуірдегі жүйелі және табысты дамуының негізгі кепілі бола алады», — деп түйіндеді сарапшы Риззат Тасым.