«Тұран» этно-фольклорлық ансамблі 2008 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттерінің бастамасымен құрылған. Қазақтың көне музыка өнерін бүгінгі заманмен үндестіріп жүрген ерекше топтардың бірі. Домбыра, сыбызғы, шаңқобыз, саз-сырнай, шертер, жетіген, шіңкілдек, қыл-қобыз үнін бүгінге дейін Франция, Израиль, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Испания, Өзбекстан елдеріне жеткізіп, қазақ мәдениетін паш етіп жүр. Бүгінге дейін ансамбль халық аспаптар орындаушыларының Халықаралық конкурстары мен фестивальдерінің лауреаты атанып үлгерді. Топ құрамындағы Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Қорлан Картенбаева, Серік Нұрмолдаев сыбызғы, шаңқобыз, саз-сырнай, шертер, жетіген, шіңкілдек, домбыра, қыл-қобыз және басқа да аспаптарда ойнайды, топтың тағы бір мүшесі Абзал Арықбаев ежелгі өнер түрі көмеймен ән айту дәстүрлі өнерін меңгерген.
Топтың жаңа күйтабағы ҚР Тұңғыш Президенті Қорының қаржылай қолдауымен шығып отыр. Жаңа күйтабақта «ЕрТұран», «Мұқағали толғауы», «Жарапазан», «Қайыстың зары», «Ортеке», «Аққу» «Аңшылық», «Елім-ай», «Шилі өзен», «Қара жорға», «Іңір» сынды қазақтың халық әндері мен авторлық шығармалар жинақталған. Таныстырылым барысында топ мүшелері күйтабаққа енген шығармаларды орындап, концерт берді. «ҚР Тұңғыш Президенті қорының қолдауына үлкен алғыс білдіреміз. Бұл біздің болашаққа сеніммен қарауымызға ықпал етеді», — дейді топ мүшелері.