Түрікменстан президенті 28-29-мамырда Қазақстанға келеді - kaz.caravan.kz
  • $ 461.26
  • 542.58
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
9 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Түрікменстан президенті 28-29-мамырда  Қазақстанға келеді

Түрікменстан президенті 28-29-мамырда Қазақстанға келеді

АСТАНА. 24-мамыр. Kazakhstan Today. Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухаммедов 28-29-мамырда Қазақстанға келеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі Turkmenistan.ru сайтына сілтеме жасап.

  • 24 Мамыр 2007
  • 434
Фото - Caravan.kz

Түрікменстан министрлер кабинетінің отырысында осы елдің сыртқы саяси мекемесінің басшысы Рашид Мередовтың хабарлағанындай, Гурбангулы Бердымухаммедов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуінің нәтижесі бойынша «Түрікменстан мен Қазақстанның мемлекетаралық ықпалдастығын тереңдетуге бағытталған екі жақты келісімдердің қоржынына қол қойылады».

Turkmenistan.ru сайтының хабарлауынша, сауда-экономика және басқа да салалардағы 2020-жылға дейінгі ынтымақтастық жөніндегі ұзақ мерзімді келісім мен бірқатар үкіметаралық және мекемеаралық келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. «Түрікменбашы қаласында өткен саммитте қол жеткізілген уағдаластықтар, соның ішінде бірінші кезекте Каспий газ құбыры мен Солтүстік-Оңтүстік жаңа транспорттық дәлізін тартуға қатысты келісімдер жалғасын табады»,- делінген мәтінде.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 12-мамырда Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухаммедовтың қатысуымен өткен үш жақты саммитте Каспий газ құбырын тартуға уағдаластық жасалды. Мәмілеге сәйкес, газ құбырын тартудағы үш мемлекеттің ынтымақтастығы жөніндегі келісімге 2007-жылдың 1-қыркүйегінде қол қойылады.

Келісімде жобаның техника-экономикалық негіздемесін жасау, жобаның негізгі сипаттамалары мен оны жүзеге асыру мерзімі, жобаны экономикалық тұрғыда тиімді жүзеге асыруға қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірлескен міндеттемелер, жобаны жүзеге асыратын уәкілетті органдар айқындалған.

Саммитте үш елдің үкіметіне «уәкілетті органдар тарапынан Каспий газ құбырын техника-экономикалық негіздемеге сәйкес 2008-жылдың екінші жартысынан бастап жүзеге асыруды қамтамасыз етуге» тапсырма берілді.

Каспий газ құбыры Каспийдің жағалауын бойлай Қазақстан мен Түрікменстан аумағы арқылы өтіп, Ресей аумағына шығады.

Өткен ғасырдың 60-70-ші жалдары салынған, қазір жұмыс істеп тұрған құбыр жүйесінің қуаты Ресей, Қазақстан және Түрікменстан арасындағы газ саласындағы қазіргі ынтымақтастық деңгейіне, сондай-ақ, Орталық Азиядағы екі мемлекеттің табиғи газды әлемдік нарыққа шығару жолдарын әртараптандыру жөніндегі жоспарларына сай келмейді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті