Туризмді өзіміз жойып жатырмыз: Шымбұлақ байлар ғана демалатын орынға айналып барады - kaz.caravan.kz
  • $ 499.65
  • 582.89
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Туризмді өзіміз жойып жатырмыз: Шымбұлақ байлар ғана демалатын орынға айналып барады

Туризмді өзіміз жойып жатырмыз: Шымбұлақ байлар ғана демалатын орынға айналып барады

Қарапайым халықтың қалтасы көтермейтін "Шымбұлақ" курортында демалу жыл сайын қолжетімсіз болып барады.

  • 18 Қараша
  • 12479
Фото: shymbulak.com

Алматыда демалу күннен күнге қымбаттап, қолжетімсіз болып барады. Әлеуметтік желіде тараған видеода халық жаппай наразылық білдіруде. Бір шыны шайдың бағасы 5000 теңгеге жеткен. Сонда «Шымбұлақ» тек элита үшін бе? Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді. 

Қыс мезгілі жақындап қалды. Демек, шаңғы маусымы басталады деген сөз. Осы ретте «Шымбұлақ» тау шаңғы курортындағы бағалар елді таңқалдыруда. Тамақ пен сусындардың бағасы шарықтау шегіне жеткен.  Келушілердің айтуынша, шыңдағы бір стақан ыстық шайдың өзі 5000 теңгеге шарықтаған. Аталмыш мәселе бұған дейін де жиі қоғам талқысына ұшырайтын. Тамақтану орындарынан бөлек, биыл шаңғы және сноуборд тебу де халық үшін екі есе қымбаттайды. 

Алматылықтар «Шымбұлақ» қаланың ең маңызды туристік нышандарының бірі екенін айтады. Алайда олар курорт аумағындағы дәмханалар мен мейрамханалардың баға саясаты қаламен салыстырғанда неге қымбат екенін түсінбейді. Келушілердің жазуынша, биікке көтерілген сайын таңдау азайып, тағам мен сусындардың құны орташа деңгейден әлдеқайда қымбаттайды екен. 

Кейбір кәсіпкерлер мен сарапшылар мұның негізгі себебін курорттағы қоғамдық тамақтану орындарының жабық нарығымен байланыстырады. Шаңғы аумағында жұмыс істейтін орындар саны санаулы, олардың арасында бәсекелестік те жоқтың қасы. Мұндай жағдайда бағалар нарықтық ойын ережесінен емес, баламаның жоқтығы салдарынан қалыптасады.

Рас, тауға азық-түлік жеткізу, логистика, жалға алу құны сынды қосымша шығындар да бағаның өсуіне ықпал етеді. Мамандардың пікірінше, негізгі мәселе жаңа кәсіпкерлер курорт аумағына кіре алмайтынында жатыр. Шағын бизнеске арналған алаңдардың тапшылығы нарықты іс жүзінде монополияға айналдырып отыр.

Осы себепті көпшілік Алматы тау кластері жобасына үлкен үміт артып отыр. Бұл бастаманы қолдаушылар жобаны жүзеге асыру нарықты ашып, жаңа тамақтану орындарының пайда болуына жол ашуы мүмкін екенін айтады. Бәсекелестіктің артуы, олардың пікірінше, бағаның төмендеуіне және қызмет сапасының жақсаруына әкеледі.

Қала тұрғындары тауда демалу тек байларға қолжетімді екеніне ашулы. Сондықтан болашақта қарапайым халық та өз жерінде пайдалана алатын жағдай туатынына үміттенеді. 

Әлеуметтік желіде сондай-ақ биылғы маусымға арналған бағалар пайда болды. Желтоқсан және қаңтар айларында демалу құны екі есе қымбаттаған.

«Күні бойы шаңғы тебу құны енді 17500 теңге тұрады. Бұл бағалар 14-31 желтоқсан аралығына дейін қолданыста болады. ал 1-13 қаңтар аралығындағы баға 20000 теңге. Бұл бағаға жабдықтарды жалға алу құны мен қосымша шығындар кірмейді. Экипировка 7-9 мың теңге шығады. Сондай-ақ қосымша жол ақысы мен тамақтануға кететін шығынды да есептеңіз. Қанша ақша болатынын ойласам, төбе шашым тік тұрады», — дейді видео авторы. 

Caravan.kz медиа порталының тілшісі Түркияның Бурса қаласында болған. Осман империясының бұрынғы астанасы атанған Бурса өзінің шаңғы курортымен танымал. Жыл бойы жұмыс істейтін демалыс орнындағы бағаларды Шымбұлақпен салыстырып көрейік.

Улудаг курортында әртүрлі қиындық деңгейіндегі шамамен 30 шаңғы трассасы бар. Олардың ұзындығы бірнеше жүз метрден бірнеше шақырымға дейін өзгереді, ал жалпы ұзындығы шамамен 30 км. Трассаларды 24 лифт қамтамасыз етеді.

Курортта әртүрлі жерлерден шаңғы жабдықтарын жалға алып, жаттықтырушылардан шаңғыға дайындық сабақтарын алуға болады. Шаңғы мен сноубордтан басқа, шанамен сырғанау, снегоходпен жүру, термалды бұлақтарға бару сияқты ойын-сауықтар да қарастырылған.

Қар қарашадан сәуірге дейін сақталса да, шаңғы мен сноуборд тебуге ең қолайлы уақыт – желтоқсанның 20-сынан наурыздың екінші жартысына дейін. Көп адам жиналмауы үшін жұмыс күндеріне саяхатты жоспарлау ұсынылады. Ал демалыс күндерінде жексенбіде шаңғы тебушілер саны сенбіге қарағанда аз болады.

Бурсадан Улудагқа жетудің ең оңай жолы канат жолымен (Bursa Teleferik). Таудың шыңына шығу 20 минутқа жуық (шамамен 9 км) уақыт алады, жол бойында керемет панорамалық көріністер ашылады. Канат жолында үш станция бар, аралық станцияда кабинаға ауысу қажет.

Ересектерге арналған билеттердің бағасы:

— Қарапайым билет – 595 лира (7 395 теңге). Түркия азаматтары үшін әлдеқайда арзан.

— VIP билет – 1250 лира (15 538 теңге). Бұл сомаға кезексіз өту, тегін кофе мен печенье кіреді. Бағасы жоғары болса да, көбінесе адамдар демалыс күндері мен мерекелерде келеді. 

Ұлттық паркке жеткеннен кейін ски-пасс сатып алу қажет. Бірнеше нұсқалары бар:

— Бір күнге – 850 лира онлайн (10 576 теңге) және 950 лира кассада (11  809 теңге)

— 1,5 күнге – 1350 лира кассада (16 781 теңге)

— 2 күнге – 1650 лира онлайн (20 520 теңге), 1750 лира кассада (21  753 теңге)

— 2,5 күнге – 2000 лира кассада (24 860 теңге)

— 3 күнге – 2400 лира онлайн (29 832 теңге).

Баға айырмашылығы айтарлықтай сезіледі. Түркия азаматтары үшін баға арзан және түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Дәл осы тәжірибе Қазақстанға үлгі бола алады. Желі қолданушыларының пікірінше, Шымбұлақта демалуды да осылай екіге бөлу керек.

«Швейцарияда Куршавельде демалу бізден арзан. Ол жақта шай небәрі 3 еуро тұрады».

«Қазақстан азаматтарына бір баға, ал басқа елден келетін турист болса баға басқаша болуы керек. Тым болмаса билеттердің қүнын төмендету керек, ал бір стакан шай үшін 5000 теңге расымен өте қымбат». 

«Шынымды айтсам, Шымбұлақта шаңғы тебудің өзі керемет деңгейде емес.  Адамдардың көптігінен шаңғы тепкенде беткей бетон сияқты тозып кетеді. Ол іс жүзінде біреу ғана. Оның бөліктеріне әр түрлі атау беруден оның аумағы артпайды. Соған қарамастан ақылға қонымсыз бағалар қойғаны қалай?«

«Туризмді өзіміз жойып жатырмыз», — деп жазып жатыр халық.

Перейти к новостям спорта