Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қандастар елге көшіп келсек те еркіміз болмай тұр деп ашынады. Айтуларынша, бастапқыда Түркіменстандағы елшілік Қазақстанға көшкісі келетіндерге 5 облыстың бірін таңдауға мүмкіндік берген. Ал қандас мәртебесін алған соң қай өңірде тұрғыларың келсе де, өз еріктеріңде депті. Соған сеніп Маңғыстаудағы ағайынымызға асығып жеткенде, әкімдіктегілер бізді солтүстік пен шығысқа көшіріп жібермекші деп ашулы. МАҚСАТ ҚОЙШЫБАЕВ, қандас: – Келгеннен кейін бізге айтып отыр Павлодарға бармасаңдар визасының уақыты біткенде қайтып сол Түркіменстанға көшіріп жібереміз деп отыр. Депортация жасаймыз деп жатыр. Ал Павлодарға барсақ, 5 жыл сонда тұрасың, сосын қайтып көші-қонға тіркелесің деп бізге қылмыскер сияқты қарап отыр. Тұрақты мекен-жайға тіркелмегендіктен, қазір не балаларымызды мектепке бере алмай, ауырсақ ауруханаға емделе алмай қалдық дейді жиналғандар. Тіпті олар бізге мемлекет тарапынан ешқандай көмек керек емес деп отыр. Тек өздері қалаған өңірде өмір сүргілері келеді. ЫСҚАН ҚАЙРАНОВ, қандас: – Қуанып жүрдік елге жетеміз ғой деп. Ата-бабамыздың сүйегі қалған жерге… Бұл жерден мен жай сұрап тұрғаным жоқ, жұмыс сұрап тұрғаным жоқ. Тек пропискаға қойса болды. Ал жауапты басқармадағылар Маңғыстауға көшіп келгендерге жұмыс тауып бере алмаймыз деп отыр. Сондықтан қандастар үкімет белгілеп берген аймақтарға көшпесе болмайтынын айтады. ӘСЕТ ШОПАНОВ, Маңғыстау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: – Паспорттарына қойылған облыстарына бару керек. Егер бармаған жағдайда 2 айдың ішінде пропискаға тұрмаса депортация көзделеді. Қазақстан республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес. Бұған қоса, басқарма басшысы басқа өңірде тұруға қауқарсыз зейнеткерлер мен жалғызбасты әйелдердің мәселесін алдағы уақытта комиссия талқылайтынын айтады. Ал туған жерде өздерінің жақын-жұрағаттарымен тұруды аңсап келген қандастар тек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмегінен үміт күтіп отыр