Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев «Artel» компаниясы тобының өкілдерімен кездесті.
Ол жаңа серіктестерге өңірдің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкіндіктері туралы айтып, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдауға уәде берді.
Мейіржан Мырзалиев мұндай жобаларды іске асыру екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету тұрғысынан маңызды деп санайды.
Орталық Азияда тұрмыстық техника мен электроника тауарларын өндіру саласындағы көшбасшылардың бірі ТМД елдері мен Қазақстан қалаларында ас үй плиталарын және басқа да көптеген техникаларды сатуда.
«Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығы екі мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды. Елдер арасындағы тығыз байланыстарды екі мемлекет басшылары бастап кетті, енді біз бірінші кезекте достық қатынастарға негізделген осы ынтымақтастықты лайықты жалғастыруымыз керек», — деп атап өтті Мейіржан Мырзалиев.
Облыс әкімінің орынбасары бұл жобаның іске қосылуы елдегі тұрмыстық техниканың импортын алмастыруға және «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға қызмет ететінін атап өтті.
Айта кетейік, «Artel» компаниясы Түркістан облысында ас үй плиталарын, ендірілген техниканы, қалыптау бұйымдарын және электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салады.
Жоба 2 кезеңде жүзеге асырылады, бұл 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға көмектеседі.
Бірінші кезеңде келер жылдың соңына қарай қолға алынып, жыл сайынғы қуаты 500 мың тұрмыстық техника яғни ас үй плитасы өндірісін іске қосу көзделеді.
Екінші кезеңге сәйкес, 2022 жылдың соңына қарай электр су жылытқыштарын өндіру жоспарланған.
Жобаны іске асыруды инвестициялар тарту және экспортты дамыту жөніндегі «Turkistan Invest» өңірлік агенттігі сүйемелдейді.
Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізілмек.