Аталмыш акция барысында жергілікті тұрғындар ТМД және шетелдік дәрігерлердің қатысуымен тегін ем-дом ала алады. Сонымен қатар осы қоғамдық бірлестік науқастарға ақысыз дәрі-дәрмектер мен көзілдіріктер беріп жатқан көрінеді.
Түркістан облысы, Сайрам ауданының Қарамұрт, Манкент ауылдарындағы медициналық емдеу мекемелеріне арнайы барып, шетелдік мамандардың жергілікті дәрігерлермен бірлесе науқастарды қарап жатты. Мұнда кезекке тұрған науқастардың қарасы қалың.
— Біздің ауданда ерекше іс-шаралар жүріп жатыр. Бұл Түркістан облысы әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасы бойынша «Мир через Духовность» халықаралық қоғамдық бірлестігінің арқасында келіп отырған медициналық көмек. Осы көмектің аясында шетелдік мамандар тарапынан тегін кеңестер, дәрі дәрмектерді тарқату, көз ауруларының алдын алу, тегін көзілдіріктер беру жұмыстарының жүріп жатқан жайы бар. Бұл іс-шара осы жылдың 24 маусымынан басталды, 30 маусымға дейін Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында болды. 1 шілдеден бастап ауданымыздың орталығына қарасты медициналық мекемелерде өтеді. 4-6 шілде аралығында мұндай акция ауданымыздың Шымкент қаласына өтіп кеткен аумағындағы Сайрам ауылындағы 12 емханада жүреді. Мұндай акцияны өткізуге 12 елден 42 медициналық маман қатысып отыр. Оның ішіндегі 29-ы алыс шетелдерден болса (АҚШ, Англия, Германия, Малайзия), 13 маман ТМД мемлекеттерінен (Ресей, Белоруссия, Украина, Азербайжан, Латвия) келген. Олардың ішінде невропотолог, психолог, стомотолог, гастроэнтеролог, окулист, т.б. медициналық мамандар бар. Олардың мақсаты – шалғай жатқан ауыл тұрғындарына медициналық көмек беру. Шетелдік дәрігерлер біздің мамандардың кәсіби деңгейінің жоғары екендігін жиі айтуда, – деді Сайрам аудандық ауруханасының бас дәрігері Қалдыбай Сәдуақасұлы.
«Мир через Духовность» бірлестігінің мүшелері Ақсудағы №47 мектепте түнеп жатыр екен. Бұл жерде оларға арнайы жағдай жасалыпты. Бірлестік мүшесі, көз ауруларын емдейтін маман әрі ерікті Галина Корчагинаның айтуына қарағанда, ауданға 70-ке жуық шетелдіктер келген. Олардың 42-сі дәрігерлер, қалғандары еріктілер (волонтер) мен аудармашылар.
Жалпы аталған бірлестіктің медицинадан бөлек түрлі салаларда (құрылыс, педагогика т.б.) қайырымдылық жұмыстарын жасайды екен. Әлемнің түрлі елдеріндегі шалғай ауылдардағы медициналық көмек алуға мүмкіндігі жоқ тұрғындарға ақысыз көмек көрсетеді. Соның ішінде медициналық көмек жылына бір мәрте көрсетіледі. Мұндай медициналық қайырымдылық шаралары Ресей мен Украинада өткізіліпті. Үшінші мәрте біздің елімізге келіп отырған көрінеді. Осындай шараларды 1999 жылдан бері өткізіп келе жатыр.
Галина Корчагина біздегі медициналық деңгейдің жақсы екендігін тілге тиек етті. Олардың Сібірдегі сапарында жағдайдың тым мүшкіл болғандығын айтты. Сонымен қатар, шетелдік дәрігерлер өздерімен бірге арнайы аспаптары мен қондырғыларын ала келіп, науқас диагнозын дәл табады.
Олар қазақстандық әріптестерінің ешқандай қондырғысыз-ақ ішкі түйсігі арқылы науқас диагнозын дәлме-дәл қоя білуіне таңдай қағыпты. Осылайша шетелдіктер біздің ақ халаттылардың кәсіби біліктілігін жоғары бағалап отыр.
Ақпарат көзі: ERNUR.KZ.