Жарияланды: 60

Түркістанда дәрі-дәрмектер азық-түлік дүкенінде сатылып келген

Түркістанда дәрі-дәрмектер азық-түлік дүкенінде сатылып келген

Түркістан қаласында дәрі-дәрмектер азық-түлік дүкенінде сатылып келген. Мұндай заңбұзушылықты облыстық прокуратура мен полиция қызметкерлері анықтаған.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды. 

Түркістан қаласының прокуратурасы мен полиция қызметкерлері бірлесе отырып, Б.Саттарханов даңғылы және Х.А.Яссауи көшелерінің қиылысында орналасқан «Фиркан» азық-түлік дүкеніне тексеру жүргізген. Тексеру кезінде дүкен қожайындары тиісті лицензиясыз дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып келгені анықталды. Біраз уақыт бойы саудаланған дәрілік заттардың ішінде анальгин, гриппго, стрептоцид, терафлю, ампициллин, нолгрипп, нафтизин және басқа да препараттар табылған. Осылайша дәрілер дүкен тоңазытқышында тұрған шұжық, ірімшік, жұмыртқа және басқа да азық-түлік түрлерімен бірге сатылып келген.

«Аталған дерек Түркістан қалалық полиция басқармасының тізіміне тіркелді. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тәркіленіп, денсаулық сақтау нысандарына уақытша сақтауға тапсырылды. Енді дүкен иесі «Заңсыз фармацевтикалық қызметпен айналысу» және «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы бойынша қағидаларды бұзу» баптарымен әкімшілік жауапқа тартылатын болады» делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін