Түркістанда ең батыл, ержүрек қамқор және қайырымды адамдар марапатталды - kaz.caravan.kz
  • $ 495.95
  • 524.37
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
15 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Түркістанда ең батыл, ержүрек қамқор және қайырымды адамдар марапатталды

Түркістанда ең батыл, ержүрек қамқор және қайырымды адамдар марапатталды

Қиын-қыстау сәтте қолдау көрсетуге, өмірін қауіпке тіге отырып ерлік көрсетуге, қамқорлық танытуға, жанқиярлықпен жәрдем беруге асыққандарды нағыз ержүрек адамға балауға болады.

 Дәл осын

  • 25 Мамыр 2022
  • 33
Фото - Caravan.kz

 Дәл осындай жандар бүгін Түркістанда жұрт алқауына бөленді. Конгресс-холлда «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы салтанатты түрде қорытындыланды.

Төртінші жыл қатарынан өткен байқау батылдығымен және қамқорлығымен өзгелерге қол ұшын созып, қуантқан мейірбан жандарды анықтап келеді.

Байқауға қатысушылар еселі еңбегімен, игі істерімен отансүйгіштік қасиетін танытқан әрі мұқтаж жандарға әрдайым көмек көрсетуге дайын шын жанашыр адамдар.

Олардың ішінде өзгенің өмірін құтқаратын, қайырымдылықпен белсенді айналысатын, COVID-19 пандемиясымен күреске қатысатын, халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсететін, төл мәдениетті дамытатын және рухани құндылықтарды сақтауға ықпал ететін жандар аз емес.

«Түркістан — ұлтымыздың өшпес рухани құндылықтарын 1500 жылдан астам уақыт бойы сақтап келе жатқан өлке. «Қайырымдылық керуені» байқауы ақтық сайысының дәл осы жерде өткізілуі тегін емес. Себебі біздің дәстүрлі байқауымыз адамгершілікті, мейірімділікті ұлықтайды.  Жыл сайын «Қайырымдылық керуені» байқауы еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам қайырымды әрі батыл жандарды анықтайды. Былтыр байқауға 1033 өтінім келіп түсті», — деді байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.

Қор басшысы жобаның финалистерін анықтау оңай болмағанын айтты: «Байқау комиссиясына жеңімпаздарды іріктеу оңайға соқпады. Шынында да, олардың арасында батылдық пен мейірімділіктің таңғажайып үлгісін көрсеткен жандар аз емес. Жобаның көптеген кейіпкерлері әлі жас болса да, жоғары адами қасиеттері мол. Қатысушылардың арасында өмірлік қиындықтарға қарамастан Отанға қызмет етуде адалдық танытқандар аз емес. Жеке ерекше қасиеттеріңіз бен елдің дамуына қосқан үлесіңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін! Сіздер үлкен рухани күштің, табандылық пен батылдықтың жарқын үлгісісіздер», — деді Әлкей Марғұланұлы.

Шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуімен өткен салтанатты рәсімнің қорытындысы бойынша 7 номинация бойынша байқау жеңімпаздары жарияланды.

          Номинациялар аясында I, II және III дәрежелі медальдар табысталды. Медаль иегерлері диплом алды. Сонымен қатар, байқау ұйымдастырушылары жүлдегерлерге сыйлықтар табыс етті. I дәрежелі медаль иегерлері  емдеу-сауықтыру сертификаттар алса, II және III дәрежелі медаль иегерлері тұрмыстық техника сатып алуға арналған сертификаттарға ие болды.

Байқаудың жоғары марапаты – I дәрежелі медальмен марапатталғандар:

          — «Асар» номинациясы Жамбыл облысынан Анар Бексұлтановаға берілді. Екі қолы жоқ, I топтағы мүгедектігіне қарамастан, ол 2014 жылы өзінің тігін цехын ашты. Анар қолөнер, кесте тігу, көрпе жасау, аяқтарымен тігетін ою-өрнектер жасаудың шебері. Анар бірнеше көп балалы ананы жұмыспен қамтып отыр;

          — «Туған жер» номинациясын Талдықорған қаласынан Елдос Баялышбаев иеленді. Елдос жол апаты салдарынан жарақат алған. Қазіргі уақытта ол арнайы жүріс арбасымен жүреді. 2014 жылы ол мүмкіндігі шектеулі жандардың аяғынан тік тұрып, қоғамнан орнын табуға көмектесу үшін «Мүгедектерді спорттық-оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігін ашты. 7 жыл ішінде 1400-ден астам адам оңалту курсынан өтті, оның ішінде 300 адам өзіне қызмет көрсетуді үйренді, 150 адам еңбектеуді үйренді, 100-ден астам адам жүріс арбасымен және балдақпен жүруді үйренді. 2016 жылы Алакөл көлінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жабдықталған «Алакөл-Асар демалыс базасы» ашылды. Сонымен қатар, ол Талдықорған қаласында «Асар автоеріктілері» жобасын қолға алды. 4 жыл ішінде 8000-нан астам тегін көлікпен жеткізіп салу қызметі көрсетілді;

          — «Батыл жүрек» номинациясында Өскемен қаласынан келген 
Артем Боровиков
 жеңімпаз атанды. Ол 2021 жылдың 28 қаңтарында асқан ерлік көрсетті. Ертіс өзеніне құлап кеткен 60 жастағы зейнеткер әйелді қатты ағыс ағызып бара жатқан еді. Сол сәтте жақын маңда жүрген 20 жастағы Артем Боровиков басын қатерге тігіп, зейнеткерге көмектесу үшін мұзды суға секірді. Шамамен 15 минуттай уақытта Артем суға кеткен жанды ажалдан арашалап қалды;

— «Мейірім жолында» номинациясында — Ақмола облысы Ақмол ауылының тұрғыны Амангелді Қапанов. «Болашақ» мүгедектер қоғамдық қорының негізін қалаушы Амангелді I топтағы мүгедек. Талай жылдан бері қайырымдылықпен айналысады, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға және ерекше қажеттілігі бар жандарға көмектеседі. Жыл сайын спорттық іс-шаралар, балаларға арналған жаңа жылдық іс-шаралар, жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясын, сондай-ақ зейнеткерлер үшін іс-шаралар өткізеді. Кезінде Амангелді бір айлық Тимур мен туғанына үш күн болған Ғалия деген бүлдіршіндерді асырап алған. 2019-2021 жылдар аралығында ол мұқтаж жандарға тегін 44 мүгедек арбасын берді;

          — «Қайырымдылық тарихы» номинациясы — Мөлдір Анарбаева. Мөлдір өз жазбасында және Jambyl-TV облыстық телеарнасындағы «Ошағың сөнбесін» бағдарламасында өмірде кездесетін түрлі қиындықтарға қарамастан, жетістікке жеткен замандастарымыз туралы баяндап келеді. Оның бағдарламасынан соң көптеген қыз-келіншектерге кәсіп ашуға қолдау көрсетілді. Пандемия кезінде алғашқылардың бірі болып облыс тұрғындарын ауруханалардың медициналық қызметкерлеріне қолдау көрсетуге шақырды. Мөлдір Байзақ ауданындағы қайғылы оқиға кезінде және жарылыстан зардап шеккен екі ауыл үшін бір күнде 6 миллион теңге жинады. Тараз қаласындағы жетім балаларға 2 бөлмелі пәтер сыйлады;

 

         — «Бала жүрегі» номинациясында Павлодар облысы Башмачное ауылынан келген 10 жасар Саян Рахманғұлов марапатталды. 2021 жылдың 30 сәуірінде ауылда Аруана атты қыз жоғалып кетеді. Баланы іздеуге шыққандардың ішінде Рахманғұловтар отбасының Асхат және оның ұлы Саян да бар еді. Қоршаудың жанындағы су станциясында үлкен адамның тізесінен асатын кішкентай арық бар болатын. Дәл сол жерде тіршілік белгісі жоқ көк күртешемен кішкентай қыз жатқан еді. Саян ойланбастан суға секіріп, баланы аяғынан ұстап, жағаға сүйреп шығарды. Содан кейін айқайлап, қолын бұлғап, бірнеше жүз метр қашықтықта жүрген әкесін шақырды. Бала қызға жасанды тыныс алуды және жанама жүрек массажын жасай бастады, осылайша қыз тірі қалды;

         — «Жануарға мейірім» номинациясы «Ақтөс Тараз» иесі жоқ жануарларды қорғау қорына» берілді. Жануарларды қорғау ұйымы 10 жыл бойы жұмыс істейді. Оның тарихы қордың негізін қалаушы Ирина Келлердің 20-ға жуық ит пен мысықты асырағанынан басталды, қазір мұнда 800-ден астам жануар бар. Баспана аумағында мысықтарға, күшіктерге және ауру жануарларға арналған жылы орындар, сонымен қатар, үлкен иттерге арналған жылы қоршаулар мен үйшіктер орнатылған.

Байқауды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, КТК телеарнасы мен «Дегдар» гуманитарлық қорының қолдауымен ұйымдастырды.

 
#Нұрсұлтан Назарбаев Қоры