Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы КТК аранасына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмның жақындары оқушыларға бас-көз болмаған мектеп ұжымы мен дер кезінде көмек бермеген дәрігерлерге наразы.
Тұңғыш немересі Рамазанның денесін бірер сағат бұрын ғана жерлеген әжесіне көк сөмкені құшақтап егіліп жылағаннан басқа қайран жоқ. Өткен жұма күні мектепке кеткен оқушы сабақтан соққы жеп келген. Денесі ауырсынып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүріпті. Ал дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке кеткен бала үйге келісімен тағы құлайды. Әдетте ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін жайып салыпты.
«Оны дәретхананың ішінде ұрыпты. Дәретханаға кіргенде бұл да кіріп ұрған. Басынан қатты соққы алған. Қан ұйыпты басына, одан кейін тамыры қысылып қалған деді. Содан да неғылған деді. Иә, бүйрегі де ісіп кеткен. Ол ата-аналар, көп адам айтады екен. Жуас балалардан тиын-тебен алады екен. Ана бала: «мен осы сыныптың атаманымын» дейді екен. Соған енді ақша беру керек екен, атаманға. Қазір сонда әлімжеттік боп тұр ғой» — деді марқұмның әжесі Гүлнар Маханова.
Рамазан оқыған №18 мектеп-гимназияда әлімжеттік көп орын алады деген әңгіме ата-аналар арасында көп айтылады екен. Бірақ мектеп директоры оны жоққа шығарды. Тіпті ата-аналармен жиналыс та өткізіпті. Бірақ ол отырыста сыныптағы сотқарлық туралы сөз болған жоқ дейді директор.
"Соққы жеді деген болған жоқ. Бірақ солай айтылған. Бірақ біз, міне, ата-аналармен де жұмыс жасалынды. Бізге айтылғаны сынып жетекшісінің несін бізден ауыстырып, шамалы қаталдау, талапшыл сынып жетекшісін қойсаңыз деген ұсыныс айтып кетті. Ондай бір баламыздың жағдайына қорқамыз немесе мынадай деген мәселе болған ж оқ",- деді Ж.Еділбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Уәлихан Бесімбаев.
Мектептің іші-сыртына түгел бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірақ жұма күні дәретхана маңындағы камера істен шыққан дейді директор. Тіпті таспаны кері айналдыруды білетін мектепте маман жоқ деп құтылды. Десе де бұл іске қазір полиция араласып жатыр.
«Түркістан қаласының полиция басқармасының қызметкерлерімен тексеру жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптама қортындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады»- деді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова