Ашылғанына үш жылдай болған ТРТ Аваз телеарнасы соңғы кездері көрермендерге түрік тілінен басқа бірнеше тілдерде бағдарламаларын ұсына бастаған еді. Енді арнайы қазақ редакциясы құрылып, күн сайын көрсетілетін жаңалықтар топтамасын әзірлеуге кірісті.
Алғашқы бағдарламаға студия қонағы ретінде қатысқан Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев бұл бүкіл түркі дүниесіндегі елеулі оқиға екенін айрықша атап айтты. «ТРТ Аваз арнасының хабарлары түркі халықтарына түркі дүниесін танытады, олардың бір-бірімен араласуына ықпал етеді, дүние жүзіне түркі әлемін кеңінен таныстырады», деді тікелей эфирдегі сөзінде елші.
Жаңалықтар топтамасын күн сайын Астана уақытымен 19.30-да, Анкара уақытымен 16.30-да онлайн режімінде көруге болады /www.trt.net.tr/trtavaz/.