Ноғай тілі мен қазақ тілінде айырмашылық жоққа тән емес пе? Түркиядағы қазақтар Арсыланбектің орындауындағы әнді қайта-қайта тыңдаудан еш жалығар емес. Ал түрікше аударылған нұсқасын түбі бір түркі ағайындарымыз саяси науқан тұсында елдік пен туысқандықтың насихат құралына айналдырған болатын.
«Бір ай бұрын Түркия премьер-министрі Тайып Ердоғанның «Ақ партиясы» Арсыланбек Сұлтанбековтің «Домбыра» атты әнін ноғайшадан түрікшеге аударып, партиялық ұранға айналдырды. Соның арқасында домбыра Түрік елінде әбден әйгілі болды. Мұндағы жұрттың бәрі әнді жатқа айта бастады. Сөйтіп, Қазақ қоғамында да домбыра үйірмесі ашылды», — дейді Түркиядағы Қазақ қоғамы домбыра үйірмесінің мұғалімі Седат Солақоғұлы.
Седат мырза өзі Стамбұлда туса да, тегі румыниялық татар ұлты болса да, қазақ домбырасына әуес.
"Әуелде нағашы апам домбыра туралы жиі айтатын. Ол кезде домбыраны мүлде көрмеген кезім еді. 1995 жылы Стамбұлдың қазақтар тығыз орналасқан Зейтінбұрны ауданында домбырамен алғаш таныстым. Содан бастап, бұл аспапқа қызығушылығым артты. 2003-2008 жылдары Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінде домбыра аспабы бойынша білім алдым. Кейін Түркияда тұңғыш рет домбыра аспабы турасында магистрлік диссертация қорғап шықтым. Қазақтың аспабын түрік ағайындарымызға алғаш рет ғылыми тұрғыда таныстырдық десек те болады", — дейді Седат Солақоғұлы.