Түркияда туристер мінген автобус аударылып, бір отандасымыз қаза тапты - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Түркияда туристер мінген автобус аударылып, бір отандасымыз қаза тапты

Түркияда туристер мінген автобус аударылып, бір отандасымыз қаза тапты

Түркияда туристер мінген автобус аударылып, бір отандасымыз қаза тапты. Тағы 6 жерлесіміз ауыр жараланған. Денизли қаласының маңында болған жол апатынан жалпы 4 адамның өмірі қиылса, 32 турист жарақат алған.  Қазақстан, Ресей, Беларусь және Латвия азаматтары отырған автобус Памуккаладағы экскурсиядан Анталияға бет алған екен. Қазір оның жүргізушісі полицияға түсініктеме беріп жатыр. Ал 18 жастағы марқұм Аида Сарабаеваның денесін елге әкелуге ата-анасы аттанып кетті.

  • 8 Тамыз 2015
  • 545
Фото - Caravan.kz

Памуккадан Анталияға бет алған автобуста жалпы саны 38 турист отырған екен. Басым көпшілігі – ТМД елдерінің азаматтары. Апат Денизли қаласының маңында болған. Таулы аймақта сол күні қатты жауын жауған екен. Содан болар, қоғамдық көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, автобус тайғанақтап жол шетіне шыққан.  

Мұхтар, жол бастаушы:

— 3-уі Латвиядан, біреуі Украинадан, тағы біреуі белорусь болды. Қалғандары Қазақстан мен Ресей азаматтары. Мен солармен бірге қайтып келе жатқанмын. Алдында Памуккалада қатты жауын жауған болатын. Жол тайғанақ еді. Жараланғандардың бәрін Анталия мен Кемер ауруханаларына жеткізіліп жатты.

Апаттан 32 адам жараланған десе, 4-уі көз жұмған. Марқұмдардың 3-уі Ресей азаматтары болса, біреуі 18 жастағы жерлесіміз Аида Сарабаева. Қарағанды ұлттық университетінің 2-курс студенті сырт елге бірінші рет демалуға аттанған екен.        

Марғұлан Әбжаппар, Аида Сарабаеваның досы:

Қаралы хабар бізге енді ғана жетті. Қарағандыдағы оқуын аяқтап, демалысқа кеткен еді. Отбасында 3 бала болатын. Демалуға кеткен кезде осындай қайғылы оқиға орын алатындығын ешкім де ойлаған жоқ.

Ал жараланған 32 адамның 6-уі жерлестеріміз. Арасында Қазақстан құрамасы үшін 64 келі салмақта жұдырықтасатын 21 жастағы боксшы Зарина Цолоева бар. Спортшы қыздың жарасы ауыр емес. Сондықтан алғашқы жәрдемнен кейін қонақ үйге жеткізілген. Туристерінің барлығы «Теz Tour» агенттігінің жолдамасымен Қара теңізге барған екен. Сақтандыру компаниясы шығындарды толық өтеуге әзір. Марқұм Аида Сарабаеваның денесін елге әкелу үшін ата-анасы бүгін Түркияға аттанып кетіпті. Еліміздің дипломаттары оларға жәрдем жасамақ.

Алтай Әбибуллаев,
 ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

— Біздің консулдық Денизли қаласына барып, қолдан келген көмекті көрсетуде. Сақтандыру компаниясымен бірігіп, Аиданың мәйітін ертең немесе жексенбі күні Қазақстанға жөнелту жөнінде көмек көрсетеміз.

Әзірше Денизли ауруханасында 5 қазақ туристі жатыр. Біреуінің қолына түнде шұғыл операция жасалыпты. Ертең науқастар түгел Анталия медицина орталықтарына жеткізілмек. Ал рөлге ие бола алмай қалған автобус жүргізушісі қазір қамауда отыр. Ол жол қолайсыздығын ескермей, жылдамдықты шамадан тыс асырған көрінеді.

Соңғы жаңалықтар