Рұқсаттама бланкілерімен алмасу бірдей үлестермен, екі кезеңде іске асырылады. Бірінші жартыжылдықта 3250 әмбебап және 750 үшінші елдерге/елдерден рұқсаттама көлемінде алмасу іске асырылады. Екінші жартыжылдыққа бланкілермен алмасу қазақстандық тасымалдаушылар 750-ден кем емес рұқсаттамаларды Түркия — Қазақстан бағытында жүк тасымалында қолданған жағдайда ғана жасалады.
Қазіргі кезде Түркия — Қазақстан бағытындағы жүк тасымалында қазақстандық компаниялардың үлесі шамамен 12 пайызды құрайды. Рұқсаттама бланкілерімен кезеңдік алмасуды орнату оның көлемін арттыруға және қазақстандық компаниялардың үлесін көбейтуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бұндай келісімдерге Анкарада өткен Автомобиль көлігі мәселелері жөніндегі Қазақстан-Түркия аралас комиссиясының кезекті отырысында қол жеткізілді. Қазақстан делегациясын ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Қайрат Әбсаттаров, Түркия делегациясын — Түркияның Көлік, теңіз істері мен коммуникациялар вице-министрі Талат Айдын басқарды. Сонымен қатар, Қазақстан тарапынан Халықаралық тасымалдаушылар одағы мен Түркия арасында жүк тасымалдайтын қазақстандық компаниялардың өкілдері қатысты. Келіссөздер барысында квоталар көлемін бекітуден тыс екіжақты автомобиль тасымалын іске асырудағы өзекті мәселелер талқыланып, басқа да бірқатар проблемалық мәселелер шешімін тапты.