Caravan Logo

Түркмен шекарасын заңсыз кесті деп ұзақ мерзімге сотталған 7 азаматымызға қатысты жаңа дерек шықты

Түркмен шекарасын заңсыз кесті деп ұзақ мерзімге сотталған 7 азаматымызға қатысты жаңа дерек шықты

Жақында түркмен соты ұсталғандардың алтауын 7 жылға, ал біреуін - 8 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оның төртеуі-Маңғыстау облыстық көші-қон полициясының қызметкері. Үшеуі жергілікті аңшылар. Сыртқы Істер министрлігі оларды құтқарып алмаққа талпынған. Алайда екіжақты келіссөздер нәтиже бермеді. Ал бүгін сенатор Ғани Қасымов көрші мемлекеттің азаматтарымызға тым ауыр жаза кескенін айтып, оларды қорғай алмаған құзырлы органдарды іреп салды. Шекара қызметінің басшысы болса бұл іске қатысты басқа бір деректің бетін ашты.

Тұрғанбек Стамбеков, ҰҚК Шекара қызметі директорының міндетін атқарушы:

- Олар ұсталғанда мас болған.  Қолдарында қару-жарақ тағы бар. Түркменстанда шекараны заңсыз өтіп, әрі қару тасымалдағаны үшін қатал жаза тағайындалады. Десек те ол жақта мереке қарсаңында рақымшылық жасалады ғой. Азаматтарымыз соған ілінетін шығар деп ойлаймын. Қазір бұл іспен Сыртқы Істер министрлігі айналысып жатыр.

Бір қызығы, осы көктемде Каспийде браконьерлікпен айналысып жүрген  түркімен кемесі құрықталыпты. Экипаж мүшелері Қазақстан заңдары бойынша сотталған. Бірақ Түркменстан азаматтарына араша түсіп өтініш айтқан соң олар босатылып елдеріне жіберілген. Біздің дипломаттар көрші мемлекеттің осылай істеріне де әлі үмітін үзбей отыр.