Ерлан Қариннің пікірінше, «ішкі саяси пікірталастарға қатысушылар саяси реформа тақырыбын саяси сауда-саттық құралына айналдырып, оны жүзеге асыру перспективасының өзіне қатер төндіре бастады». «Егер саяси партиялар өз бастамалары мен ұсыныстарымен бірге оларды жүзеге асыру жолдарын да көрсетіп берсе, онда билік тұтқасын ұстағандар осындай дайын санаткерлік өнімді өз бағдарламаларында бірден қолданудан бас тартпаған болар еді»,- деді бас директор.
Оның пайымдауынша, «саяси реформалар жөніндегі бастамалар нақты прагматикалық қадамдар сипатында болуы тиіс». «Түрлі талаптар қоюдан бас тартып, қазіргі бар институттарды оңтайландыру жөніндегі нақты ұсыныстарды ортаға сала бастау қажет». Осы орайда Е.Қарин : «оппозициядағы саясаткерлер билікті түрлі талас-тартыс, дау-дамайға итермелеуге тиіс емес» дегенге баса назар аударды. Оның пайымдауынша,»мұндай әрекеттер оппозицияны мәселенің шынайы шешіміне жақындатпай, керісінше, оған тіптен агрессиялық сипаттағы қадаммен жауап қатуға мәжбүр етеді». Жоғарыдағыдай сипатта бастама көтерудің «балы жүрмейді», соған қарап «тіпті бастамашалырдың өздері сол ұсыныстардың жүзеге асуынан мүдделі емес, бар болғаны тайталас-қырқыс көмегімен саяси ұпай жинағысы келеді-ау» деген тұжырым жасауға тура келеді.
«Саяси бастаманы жүзеге асыруға партиялардың басым бөлігі келісімін беріп қолдауға тиіс»,- дейді Халықаралық қазіргі заманғы саясат институтының бас директоры. «Ол үшін партиялар арасында ықпалдастық орнап, саяси консультациялар өткізілуі тиіс». Дербес бастама көтеруге қарсы тағы бір аргумент ретінде Е.Қарин партиялардың «ресурс қорының әр алуандығын» атады. «Бір партияның ауқымды әкімшілік ресурсы болса, екінші бір партия ауқымды қаржылай базаға арқа сүйейді»,- деді ол. » Бір партия барлық ресурс түрлерін түгелдей иемдене алады деп үміт арту қисынға келмейтіндіктен, бірлесіп бастама көтеруге бағытталған ортақ жұмыстар мейлінше нәтижелі әрі шығынсыз болмақ».
Халықаралық қазіргі заманғы саясат институты бас директорының пайымдауынша, «реформалардың айдан анық әрі нақты аргументті бизнес-жоспарын жасап, онда әрбір реформа кезеңінің қаржылық қамтамасыздық мөлшері айқындалып, қолданыстағы заңнамаларға енгізілетін түзетулер тізімі нақтылануы тиіс». Осындай құжаттар кешенін қабылдаудың құқықтық процедурасы тиянақталуы тиіс. Сонымен бірге, «экономикалық реформалармен салыстырғанда саяси реформалар ауқымды қаржылық ресурстарды қажет етпейді деген адасушылық болуы тиіс емес»,- деді Е.Қарин.