Тұтас қоғамға, ұлтқа тіл тигізу ойыншыққа айналып барады: Ерекше балалардың аналарын қорлаған блогер өкінеді ме? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тұтас қоғамға, ұлтқа тіл тигізу ойыншыққа айналып барады: Ерекше балалардың аналарын қорлаған блогер өкінеді ме?

Тұтас қоғамға, ұлтқа тіл тигізу ойыншыққа айналып барады: Ерекше балалардың аналарын қорлаған блогер өкінеді ме?

Ата-ананың күнәсінен ерекше балалар туылады деген блогерге сот шешімі шықты.

  • 3 Желтоқсан
  • 66
Фото: видеодан алынған

Caravan.kz медиа порталының тілшісі қоғамның дертіне айналған жағымсыз үрдіс туралы жазады. 

Әлеуметтік желіде gulnara.blogger лақап атымен танымал Гүлнәр Оразалина ерекше қажеттіліктері бар балалар туралы қорлайтын пікір айтып, бүкіл елдің ашуын туғызды. Ол өзінің Instagram-парақшасында жариялаған даулы видеода аутизм, ДЦП, онкология секілді аурулардың пайда болуын ата-аналардың «азғын өмірімен» байланыстырған. Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен резонанс тудырып, ата-аналар да, қоғам белсенділері де оның жауапқа тартылуын талап етті. 

Даулы видео және алғашқы реакция

Блогер өз видеосында «ауру балалардың әкесі не шешесі жеңіл жүрісті болған, сол себепті ауру бала дүниеге әкелді» — деген пікір білдірген.

Бұл сөздер ерекше балалар тәрбиелеп отырған мыңдаған ата-ананы ренжітті. Бірнеше ата-ана полицияға ресми түрде арыз жазды. 

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева ІІМ-ге жүгініп, блогердің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады. 

«Дискриминацияға жол берілмейді. Қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», – деп жазды.

Ол өзіне бұл видеоға байланысты ата-аналардан көптеген шағым түскенін айтты. Қазір ІІМ мән-жайды зерттеу үшін тексеру жүргізіп жатыр.

«Жарияланған контент авторы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ұсақ бұзақылық бабы бойынша материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданады», — делінген хабарламада. 

Полиция әлеуметтік желіде өзгені қорлайтын контент тарату заңмен жазаланатынын ескертеді. 

Сөзімнен бас тартпаймын

Қоғамдағы дау сейілмей тұрып, блогерді арнайы бағдарламаға шақырған. Журналистердің «сіз өкінбейсіз бе?» деген сұрағына беті бүлк етпей еш өкінбейтінін жеткізіп отыр.

«Мен айтқандарыма өкінбеймін. Менің стилім осындай. Мен қоғам қайраткерімін, сыншымын. Екі-үш сөз қатты естілген шығар, бірақ мен өз ойымда қаламын. Мен ешкімнің аты-жөнін атамадым, жалпы айттым. Менің тәжірибемдегі кей әйелдердің өмір салты осындай ойға алып келді. Көптеген ауру (аутизм, ДЦП) кей жағдайларда жыныстық жолмен берілетін аурулардан болуы мүмкін дегенді айтқым келді. Толық видеода мұны ашып айттым, бірақ біреулер оны қиып, өздеріне тиімді тұсын ғана таратты. Мен ешкімді балағаттаған жоқпын», — деді ол.

Сонымен қатар блогер өзін «буллинг құрбаны» деп атап, қоғам «оны дұрыс түсінбеді» деген пікір айтты.

Сот процесі және шығарылған үкім

Астана қаласы Полиция департаменті: «Блогер Instagram-парақшасында ерекше қажеттіліктері бар балаларға қатысты қорлайтын, нецензурлық сөздер қолданды. Бұл қоғамға деген құрметсіздік», – деп мәлімдеді.

Іс «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша қаралды. Қылмыстық тергеу жүргізілмеді, өйткені бұл бап тек әкімшілік жауапкершілікке жатады.

Сотта Оразалина балағат сөздер қолданғанын мойындады, бірақ ерекше балаларды қорлау ниеті болмағанын айтты. Алайда әкімшілік қамауға алу оған қолданылмайды, себебі блогердің 2016 жылы туған кәмелетке толмаған баласы бар.

Енді Гүлнар Оразалина әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 78 640 теңге айыппұл төлейді. Демек, жаппай адамдарға топырақ шашып, қорлағаны үшін айыппұл төлеп құтылғаны ма? 

Бұған дейін “Мүгедектерді онсыз да Алла жазалады” деген сөзі үшін сынға қалған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов бұл сөзі үшін көптен кешірім сұрап құтылған. 

Халықтың алдына шығып сөйлейтін беделді тұлғалар мен миллиондаған аудиториясы бар блогерлер әр айтқан сөзіне сақ болатын заман туды. Қазақ ұлтына тіл тигізген кәсіпкер қыздың оқиғасы үлкен сабақ болмады ма? 

Перейти к новостям спорта