Тұтынушылар құбылмалы кезеңді пайдаланып, бүкіл техниканы сатып алуда - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тұтынушылар құбылмалы кезеңді пайдаланып, бүкіл техниканы сатып алуда

Тұтынушылар құбылмалы кезеңді пайдаланып, бүкіл техниканы сатып алуда

Табаны тайқып тұрған теңге бағамының кесірінен ірі сауда орындары нарықтағы бағаны нақтылай алмай жатыр. Тұтынушылар болса, құбылмалы кезеңді пайдаланып, бүкіл техника атаулыны сатып алуға көшкен. Қазір дүкендерде ең қымбат деген тоңазытқыштар, теледидар мен компьютерлерді хан талапай талап әкетуде. Тіпті, көп өтпейтін қымбат бағалы телефондардың да саудасы қызған.

  • 25 Тамыз 2015
  • 309
Фото - Caravan.kz

  Күні кеше ғана сөрелерде самсап тұратын мына техникалардың дәл қазір өтімділігі артқан. Сондықтан бағасының қымбаттығына қарамастан, жұрт жапатармағай қалтасы көтерген техниканы сатып алып жатыр. Бірақ шетелден келетін түрлі қондырғылары доллармен есептелінетіндіктен, сауда желілері алда баға қалай өзгеретінін тап басып айта алмайды. Бағаны көтерейін десе, бір жағынан тұтынушыны да жоғалтпау керек.

Денис Смирнов, сауда желісінің бас директоры:

—  Компаниямыз шетелдік әріптестерімен тікелей келісім-шарт жасасқандықтан, солардың ұсынатын бағасына тәуелдіміз. Сондықтан, қаласақ та, қаламасақ та, теңге құнының тауар бағасына әсері болатыны сөзсіз. Бірақ қазір асығыс шешім қабылдамай, тек тұтынушыларымыздың сұранысын қанағаттандырып отырмыз.

Теңгенің аяқасты құлдырауынан кейін бірқатар өңірлерде қарапайым азық-түлік бағасының өзгергені байқалған. Мәселен, Ақтөбе облысында осыдан бір күн бұрын көтерме саудада келісі 140 теңге тұратын шекер, қазір 152 теңгеге жеткен. Ал базар мен дүкендерде оған 20-30 теңге қосып сатып жатыр. Сондай-ақ, тұрмыстық техника құны 40 пайызға қымбаттады. Осы өңірдегі бағаны реттеуге байланысты құрылған штаб өкілдері мұны заңсыздыққа дейді.

Анар Даржанова, Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

— Бұл бойынша жедел түрде монополияға қарсы агенттікке хабарлама жасалды. Бұл жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Тасушылар немесе өңдірушілер жоғары бағамен шығаратын болса бұл жөнінде тиісті зерттеу жүргізіліп тиісті мемлекеттік орындарға хабарлама берілуде.

Сондай-ақ, Павлодарда қант, жұмыртқа, тауық еті қымбаттаса, Қостанайда құндыз жағалы тондар, Өскеменде дәрі-дәрмек бағасы аздап көтерілген. Бұл тұрғыда экономист-сарапшылар да жағымды пікір айта алмай отыр.

Жарас Ахметов, сарапшы:

—  Дұрыс болжам айту үшін ең болмаса тоғыз айлық баға индекстертерін қарау керек. Мұның алдында халықта кіріс көлемі азайып,баға біраз тұрақталған болатын. Ал қазіргі жағдайды ескерсек, бірінші кезектегі тұтыну тауарлары жуық арада қымбаттайтын болады.

Осылайша, елдегі баға дүрбелеңінің қашан басылары да белгісіз. Әйтеуір, теңге бағамы тұрақтамайынша, халықтың біраз алдамшы бағалармен сауда жасауына тура келетіні сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар