"Тығып ұстағаны күдік ұялатады": Серікзат Дүйсенғазы жалғыз ұлының оқыс жағдайдан өлгеніне күмәнданып отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Тығып ұстағаны күдік ұялатады": Серікзат Дүйсенғазы жалғыз ұлының оқыс жағдайдан өлгеніне күмәнданып отыр

"Тығып ұстағаны күдік ұялатады": Серікзат Дүйсенғазы жалғыз ұлының оқыс жағдайдан өлгеніне күмәнданып отыр

Белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы жалғыз ұлының шаңғы теуіп, оқыс жағдайдан өлгеніне күмән келтіріп отыр.  Айтуынша, ұлы шаңғы тебуді өте жақсы меңгерген.

  • 11 Қаңтар 2023
  • 5656
Фото - Caravan.kz

Сонымен қатар, шаңғы базасының қызметкерлері құлаған ұлын бір жарым сағаттай таудан төменге түсірмей, алғашқы медициналық көмек көрсетпей ​тығып ұстағаны көкейге күдік ұялататынын жеткізді.

Енді ақын оқиға орнынан куәгерлер іздеп желіге жазба жариялап отыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.

Алдымен ақын қайғыға ортақтасқан қазақ еліне алғысын айтқан. Сондай-ақ, ол баласының  көп жетістігін бөліспегендігімен енді танысып жатқандығын жеткізді.

"Жоғары математика мен физиканы жақсы меңгерді. Тіпті, оның жасаған өнертапқыштық жобаларын өткен жазда ​ «Қазақстан» ұлттық арнасы түсіріп, эфирден көрсеткенін енді ғана біліп отырмын. Маған ол туралы өзі айтқан жоқ. Мақтанғанды ұнатпайтын. Арманы Никола Тесла сияқты инженер-өнертапқыш ғалым болу еді… Әлиханымның тәп-тәуір ақын болғанын да өткенде ұстаздары жіберген өлеңдерінен таныдым. Бұрынырақта балаң өлеңдер жазып жүргенін білетінмін. Өлеңді қазақша да, орысша да жазатын. Әсіресе, орыс тілі мұғалімі жіберген кейінгі өлеңдерінен қалыптасқан ақынның қолтаңбасын көріп аң-таң болып отырмын. Ол өлеңдерді кейінірек осы желіге саламын", — деген ол.

Ақын шаңғыны жақсы тебетін ұлының ағашқа қандай жағдайда соғылғаны беймәлім екенін жазған.

"Сол соңғы рет тауға көтеріліп бара жатқанын анасы түсірген видео бар. Ары қарай не болғанын біз білмейміз. «Елікті» шаңғы базасының қызметкерлері бір жарым сағаттай құлаған баланы таудан төменге түсірмей, алғашқы медициналық көмек көрсетпей ​ тығып ұстағаны көкейге күдік ұялатады. Сондықтан оқиға болған сәтті көрген куәгерлерді іздеп жатқанымыз рас. Иә, баламыз енді қайтып оралмас. Бірақ басқа адамдар да біздің күйімізді кешпесе екен деп алаңдаймыз. Себебі, шаңғы базасында ешқандай техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Мыңдаған адам сырғанап жатқан жерде алғашқы көмек көрсететін дәрігерлері де жоқ. Ол былай тұрсын, баласын жоғалтып шырылдаған ата-анаға ешкім жауап бермей, бір-біріне сілтегенін қалай түсінеміз? Сол «Елікті» ештеңе болмағандай әлі жұмыс істеп тұрған көрінеді. Біздің елде адамның құны жоқ екені, ешкім ештеңеге жауапты емес екені осыдан-ақ білінбей ме? Сондықтан біздің мемлекеттік органдар осындай демалыс орындарының техникалық қауіпсіздігін тексеру керек деп санаймын. Оны бұқаралық ақпарат құралдары түсіріп, халыққа жариялау керек. Онсыз да ат төбеліндей аз қазақпыз. Қырып тастай беретін артық адам жоқ бізде!", — дейді ақын.

Еске салайық, 4 қаңтарда айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының 16 жастағы Әлихан есімді ұлы оқыс жағдайда қайтыс болғаны белгілі болған.