Ыстанбұлда жойқын жер сілкіністері ғасырлар бойы болмаған. Бұл туралы Ресей Ғылым академиясының Жер физикасы институтындағы палеосейсмология және палеогеодинамика зертханасының меңгерушісі Андрей Корженков орыс басылымына айтты. Ғалымның айтуынша, бұл аймақта бірнеше ғасырдан бері жиналып қалған жер қыртысының кернеуі бар, сондықтан қазір Түркиядағы жер сілкіністерінің тізбегі сол кернеудің белгілі бір деңгейде босатылуы. Бірақ бұл босатылу толық болды ма, әлде енді ғана басталып жатыр ма – белгісіз. Дегенмен Түркия азаматтарды қуатты жер сілкінісіне дайын болуға шақырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Ол аймақта бұрын-соңды қуатты жер сілкіністері болған, сондықтан болашақта да болуы мүмкін. Қазір болып жатқан жерасты дүмпулері, одан да күшті жер сілкінісінің алдындағы форшог па, әлде тек жиналған кернеудің жеңіл босатылуы ма – оны нақты айту қиын. Мұның бәрі Солтүстік Анатолий жыртығы бойымен болатын қозғалыстармен байланысты», — деді геология-минералогия ғылымдарының докторы.
Еске салайық, 2025 жылдың 23 сәуір күні Ыстанбұл мен оның айналасында бірінен кейін бірі бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Ең күштісінің магнитудасы 6,2 болды. Түркияның Төтенше жағдайлармен күрес басқармасының дерегінше, эпицентр жер астында шамамен жеті шақырым тереңдікте орналасқан. 150-ден астам адам зардап шекті. Қауіптенген тұрғындар үлкен ғимараттардан шұғыл түрде сыртқа жүгіріп шығып, түнді далала өткізді.
Ресей Ғылым академиясының Жер сілкіністерін болжау теориясы және математикалық геофизика институтының директоры Пётр Шебалин бұл дүмпулер аса үлкен қиратушы күшке ие емес екенін атап өтті. Сонымен бірге ол мұны форшог деп айтуға нақты ғылыми негіз жоқ екенін, бірақ оны толық жоққа шығару да мүмкін еместігін айтты.
«Бұл – Солтүстік Анатолий жыртығының батыс бөлігіндегі тармақтарының бірі. Бұл жыртық өте ірі, сондықтан мұндай аймақтарда аса қуатты жер сілкіністері болуы мүмкін», — деді геофизик.
Түркия Анатолий тектоникалық плитасында орналасқан. Солтүстік Анатолий жыртығы – осы плита мен Еуразиялық плитаның арасындағы шекара. Ол Мәрмәр теңізінен басталып, Қара теңіз жағалауымен шығысқа қарай, Ван көліне дейін созылады. Ал Ыстанбұл осы жыртықтың дәл жанында, яғни одан 15–20 шақырымдай жерде тұр. Мұнда тектоникалық плиталар бір-біріне қатысты қозғалып жатыр. Сонымен қатар, Анатолий плитасы оңтүстігінде Африка плитасымен, ал шығысында Араб плитасымен шектеседі. Осылайша, Түркия барлық жағынан сейсмикалық қауіпті аймақтармен қоршалған.
Айта кету керек, 2023 жылдың ақпанында Түркия мен Сирияда болған жойқын жер сілкіністері елдің мүлде басқа бөлігінде – Араб плитасымен шектесетін Шығыс Анатолий жыртығында болды. Сол кездің өзінде түрік сейсмологтары осы оқиғалар фонында Ыстанбұлда алдағы жылдары жойқын жер сілкінісі болу қаупі едәуір артты деп мәлімдеген.
«Кейбір ғалымдар Анатолий плитасының жалпы айналуы мүмкін екенін айтады. Яғни 2023 жылы оның оңтүстік бөлігі белгілі бір бұрылыс жасаса, енді солтүстік бөлігі де қозғалысқа түсуі ықтимал», — дейді Андрей Корженков.
Сонымен қатар, ол бұл тек ғылыми болжам екенін атап өтті. Қалай болғанда да, Ыстанбұлда жойқын жер сілкінісі болатыны күмәнсіз, бірақ ол нақты қай уақытта болатынын айту мүмкін емес — тіпті ол жүздеген жылдан кейін де орын алуы мүмкін.