Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Егер 2024 жылдың желтоқсанында дүкендерде 30 жұмыртқа 100-120 лираға сатылса, бүгінде жұмыртқа бағасы 250 лираға жеткен.
Türkiye газетінің деректеріне сәйкес баға өсімінің басты себебі — экспорттың ұлғаюында.
Сондай-ақ бір жағынан нарықтағы жағдайға Америка билігінің елде құс тұмауының таралуына байланысты жұмыртқаны белсенді импорттау туралы шешімі де әсер етті.
Соңғы айларда Бразилия мен Оңтүстік Корея да Түркиядан жұмыртқаларды белсенді сатып ала бастады.
Ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Түркия билігі наурыздың соңында АҚШ-қа жұмыртқа экспортын ынталандырудың қаржылық құралдарынан бас тартты.
Алайда, бұл шаралар Америка Құрама Штаттарына жеткізілімді ішінара ғана төмендетті. Себебі АҚШ-та жұмыртқа бағасы рекордтық деңгейге жеткен.
Түркияда жылына 20 миллиардтан аса жұмыртқа өндіріледі, оның 3,4-4 миллиарды әлемнің 55 еліне жеткізіледі. Елдің ең ірі импорттаушылары — БАӘ, Қатар, Ирак, Оман және Сирия саналады. Ал жыл қорытындысы бойынша жұмыртқа экспортынан түсетін кірістер 500 млн доллар деңгейінде екен.
Бұл ретте, АҚШ-пен жаңа ынтымақтастыққа сәйкес, биыл шілдеге дейін Америкаға 15 мың тонна экспорттау жоспарланып отыр, бұл өз кезегінде Түркияға 26 млн доллар табыс әкеледі.