Жарияланды: 470

ТЖМ қауіп-қатерлерді дер кезінде хабардар ету үшін бар мүмкіндіктерді қарастыруда

«Алматыда 1-2 мамыр күндері болған жер сілкінісі Қазақстанда соңғы 5 жылдың ішінде 70 рет қайталанып отыр.

Алайда осы жер сілкінісінің ешбірінде де қоғам арасында соңғы жер сілкінісі кезіндегідей үрейленушілік болған емес»,- дейді Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко. Бұл туралы ол бүгін Парламент Сенатында өткен «Өңір» депутаттық тобының төтенше жағдайлар саласындағы заңнаманы жетілдіру мен аймақтағы төтенше жағдайларға мемлекет тарапынан қолданылып отырған шараларға қатысты ұйымдастырған мәжіліс барысында айтты. Отырыста 1-2 мамыр күндері Алматыда болған жер сілкінісі кезінде орын алған проблемалар жөнінде баяндаған В.Божконың сөзіне қарағанда, министрлік Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге сәйкес, осы уақытта Алматы қаласының сейсмикалық тұрақтылығына байланысты болжам жасап, қауіпті аймақтарды анықтау, сел, зілзала сияқты апаттардан тұрғындарды уақытында хабардар ету сияқты шараларды жүзеге асырумен айналысуда. «Қазіргі таңда біз Байланыс және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, республикада байланыс және ақпараттандыру қызметін жолға қою жөніндегі бұйрық бойынша тиісті жұмыстар жүргізудеміз. Тұрғындарға төніп тұрған қауіп-қатерлерге байланысты хабарлардың қандай тәртіппен таратылатындығы белгіленеді. Бұл, әрине, бұрын бізде мұндай жүйе болған емес дегенді білдірмейді. Ондай жүйе бізде болды. Алайда біз азаматтарымыздың қарқынды өсіп келе жатқан коммуникациялық мүмкіндіктерін ескере бермейміз. Осының салдарынан елдегі түрлі оқиғаларға байланысты ел ішінде алыпқашпа әңігімелер де көп болып жүр. Біз алдағы уақытта осындай қаңқу сөздердің мейлінше алдын алуға тырысамыз»,-деді министр. Оның сөзінше, соңғы рет Алматыда болған жер сілкінісі кейінгі 5 жылдың көлемінде 70 рет болған. Алайда олардың ешқайсысында да соңғы жер сілкінісіндегідей үрейлену болған жоқ. «Оған бәлкім, Жапонияда болған жағдайлар әсер еткен болар. Оның үстіне, қазір байланыс та, интернет те жедел дамып отырған заман. Ұялы байланыстың да мүмкіндіктері өте зор. «Ал біздің Байланыс және ақпарат министрлігімен қолға алып отырған ақпараттандыру жүйесі байланыс құралдарының барлығын қамтиды»,-деді В.Божко.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть