Шымкенттегі «Қажымұқан» стадионына заман талабына сай жарық шамдар орнатылады, деп хабарлады 24.kz.
Былтыр бұл жұмыстарға қажетті 204 млн теңге бөлінген. Дегенмен мердігер мен тапсырыс беруші арасындағы түсініспеушілік жуырда ғана шешімін тапты. Естеріңізде болса еліміздің футбол федерациясы стадионда жарықтың нашарлығынан Евролига және Премьер-лига ойындарын өткізуге тыйым салған болатын. Ал «Ордабасы» командасының ойыншылары жаттығуларын басқа алаңдарда жасап жүр. Бұл мәселе шешімін тапса, теңбіл доп шеберлері үйреншікті алаңдағы алғашқы ойындарын күзде өткізе алады.
— UEFA стандарттары жылдан жылға өзгеріп жатады. Қазіргі стандарттарға біздің жарықтарымыз мүлдем сәйкес келмейді. Ал біздің қоятын құралдарымыз заман талабына сай болады. UEFA-ның барлық сұранысына қарай жарықтандыру мәселесі жөнге қойылады, дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев.