Ұялы байланыс сапасы артып, интернет қолжетімді болу үшін, инфрақұрылымды жаңартуымыз керек - Ғалымжан Наурызбаев - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ұялы байланыс сапасы артып, интернет қолжетімді болу үшін, инфрақұрылымды жаңартуымыз керек - Ғалымжан Наурызбаев

Ұялы байланыс сапасы артып, интернет қолжетімді болу үшін, инфрақұрылымды жаңартуымыз керек - Ғалымжан Наурызбаев

Қазақстан соңғы жылдары ғылым саласына ерекше мән беруде.

  • 25 Қыркүйек
  • 4161
Фото - Caravan.kz

Оның ішінде IT, жасанды интеллект, компьютерлік инженерия және т.б. бағыттар бойынша бірқатар бастамалар қолға алынып жатқаны анық. Осы орайда,  Сaravan.kz тілшісі Назарбаев университеті электротехника және компьютерлік инженерия кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ғалымжан Наурызбаевпен тілдескен еді. 

Ғалымжан Наурызбаев мобильді және спутниктік байланыс жүйесіне арналған заманауи сымсыз технологиялар бойынша маманданған. Жас ғалым қайта бейімделетін интеллектуалды беттер (Reconfigurable Intelligent Surface, RIS) және флюидті антенна жүйелері (FAS-Fluid Antenna System, FAS) сияқты байланыс сапасын барынша жақсартуға бағытталған перспективалы технологиялар бойынша бірнеше жобаларға жетекшілік етуде. Айта кетерлігі, RIS – бұл әлемдік зерттеу топтары мен компаниялардың назарын аударатын технология. Бүгіннің өзінде 3GPP ұйымы аталған жүйеніболашақ 6-шы буын (6G) байланыс желілерінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырып отыр. Аталған технологияның басты ерекшелігі – шағылыстыру әрекеті арқылы сигнал сапасын жақсарту және байланыспен қамту аймақтарын кеңейту болып табылады. Аталған тақырыпты кеңінен тарқату үшін, профессор Ғалымжан Наурызбаевпен сұхбатты назарға ұсынамыз.

Ғалымжан, ғылымға қай саладан келдіңіз? Электротехника және компьютерлік инженерия саласының білікті маманысыз. Жалпы Қазақстанның бұл бағыт бойынша әлеуеті қандай? 

Мен ғылымға «Қазақтелеком» жетекші байланыс операторынан, дәлірек айтқанда осы компанияның «Қашықтықтағы байланыс» бірлестігі филиалынан келдім. Байланыс саласының маманы ретінде интернет пен ұялы байланыс сынды телекоммуникациялық қызметтер Қазақстанда қарқынды дамып келе жатыр деп айта аламын. Алайда әлі де жетілдіре түсетін салаларымыз баршылық. Осы тұста бар кемшілік университеттер мен байланыс операторлары арасында жаңа технологияларды енгізу бойынша байланыстың әлсіздігі деп айтар едім. Мұндай жүйе АҚШ, Финляндия және т.б. дамыған елдерде өте жоғары деңгейде жолға қойылған. 

Байланыс сапасын жақсарту жөнінде біршама жобалардың басы-қасында болыпсыз. Аталған бастамалар қолданысқа енгізілді ме? Жобаларға қолдау көрсету жағы қалай? 

Иә, мен электромагниттік энергияны жүйелеу (energy harvesting) негізінде байланысты жақсарту бойынша бірнеше жобаларға қатыстым. Бұл жұмыс — желіні іске асыру мүмкіндіктерін бағалаудың теориялық жоспары болып табылады. Қазір осы бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастырып жатырмыз.

Енді басты мәселеге көшсек. Елімізде не себепті бүгінге дейін байланыс сапасы нашар? Осы саланың маманы ретінде түсіндіріп өтсеңіз? Жалпы бұл мәселені шешу үшін, не істеу керек? 

Меніңше бізде бұған қатысты бірнеше мәселе бар. Солардың алғашқысы ол – ескірген инфрақұрылым. Қазақстанда бүгінде телекоммуникация жүйесінің көптеген элементі ескірген. Ұялы байланыс желілері мен интернет байланысы сияқты телекоммуникация элементтері көп жерлерде тозған, әсіресе ауыл-аймақтардағы жағдай тым мүшкіл. Сол себепті ұялы байланыс сапасы артып, интернет қолжетімді болсын десек, ең алдымен инфрақұрылымды жаңартуымыз қажет. Екіншіден, бізде жекеменшік сектордың жетіспеушілігі мәселесі бар. Ұялы байланыс үшін, оның ішінде, тұрғындары көп қалаларда ұялы байланысқа арналған қолжетімді спектрдің саны шектеулі. Ал, жиілік мөлшері көп болған жағдайда, байланысты өткізу және интерференция мәселесі қиындай түседі. Бұл өз кезегінде, әрине, интернет пен тұрақты байланыстың сапасына тікелей әсер етеді. Сонымен бірге, ірі қалаларда байланыс сапасы, ландшафт өзгеріске ұшырап, базалық станциялардың орналасу нүктелерін үнемі жетілдіріп отыруды талап ететін құрылыс қарқынына байланысты төмендеп отыр. Міне, осы аталған жайттар оң шешімін тапса, еліміздегі байланыс сапасы әлдеқайда жоғары болатын еді. 

Қателеспесек, қазір сіз Қазақстанға 6G енгізу жобасымен айналысып жатырсыз. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз?

Дәл қазір мен интеллектуалды беттерді қайтадан конфигурация жасайтын (reconfigurable intelligentsurfaces) жобамен жұмыс істеп жатырмын. Ол 6G байланыс жүйесінің болашағын айқындайтын технологиялар жүйесіне жатады. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, біз бір бетте орналасқан бірнеше ұяшықтар арқылы сигнал-дыбысты өзгерте аламыз, ол әрине байланыс сапасына әсер етпей қоймайды. Бұл жоба бойынша әлі де шешілмеген талай мәселе бар, қазіргі күні біз оларды шешу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. 

Бұл сала бойынша мамандарды даярлау жағы қалай? Бізде көптеген мамандар елде қолдау таппай, шетелге ағылып жатады. Осы жөнінде пікіріңізді білсек? 

Байланыс саласының мамандарын даярлау жағы бізде бір жолға қойылған. Техникалық университеттердің көбінде осы саланың білікті мамандарын даярлайтын арнайы мамандандырылған кафедралар бар. Бірақ басты мәселе инженерлік байланыс саласы қызметкерлерінің жалақысының төмендігінде, олар қазір бар болғаны 200 мың теңге жалақы алады. Сала ғалымдарының жағдайы да мәз емес. Өкінішке қарай, байланыс саласында ғылыммен шұғылданатын арнайы орындар аз және бұл саланың мамандарының жалақысы да төмен. 

Жас ғалым ретінде, отандық ғылым мен осы саланың мамандарына қазір қандай көрсетіліп жатыр? Қысқаша тоқталып өтсеңіз?

Иә, Қазақстан мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар арқылы ғылыми зерттеулерге біршама қаржы жұмсап жатыр. Мәселен, елімізде Назарбаев университет сынды зерттеу орталықтары мен ғылыми парктер құрылуда, оларда барлық ресурстар мен ғалымдар шоғырландырылған. Сол сияқты жас ғалымдардың ғылымға бет бұруы үшін, «Жас Ғалым» байқауы қолға алынды. Одан бөлек, ғалымдардың мәртебесін арттыру жұмысына да ден қою керек деп ойлаймын. Жалпы, жастарды ғылымға мектеп қабырғасынан баулу керек шығар. Ол үшін телеарналарда интерактивті бағдарламалар санын көбейту қажет. 

Әңгімеңізге рахмет!