Үйлене алмай жүрсеңіз...
«Жақсы қыз керек» деп адал жар іздеп жүрген жігіт көп. Дәл сол секілді теңін таба алмай, ойы онға, санасы санға бөлініп жүрген қыз да жоқ емес.
Бүгінгі жігіттердің орда бұзар отызға келгенше отау құра алмай жүруіне не себеп? Шынымен де, жақсы қыз жоқ па, әлде біздің талап тым өсіп кетті ме?
✔️ Алдымен, құрметті бозбала, анықтап алыңыз.
Сізге не маңызды?
Қыздың қай қасиетін алдыңғы орынға қоясыз? Көп адам осы тұстан сүрінеді. Маған мынау керек дейді, ал өзінің көз салып жүрген қыздары мүлде басқа... Соның кесірінен белгілі бір нәтижеге жету де кешеуілдей береді.
✔️ Екінші, өте көп талап қойып жүрген жоқсыз ба? Сұлулықты, сыпайылықты, ақылдылықты, парасат пен даналықты, тұрақтылықты бір адамның бойынан табу әсте қиын. Біреуі басым болса, екіншісі кемшін болады. Себебі, бұл өмір, Алла бізді солай, әлсіз етіп жаратқан. Бір артықшылығымыз болса, ол өзімен бірге бір қателікті де ала жүреді. Оны кейін, бірте-бірте тәрбиелеп, Алладан сұрай жүріп түзетіп алуға болады ғой?
✔️ Үшінші, сіз іздеген адам қасыңызда жүр, бірақ сіз оны ұнатпай, менсінбей, өзіңізге лайық көрмей жүрген шығарсыз? Онда ойланыңыз. Оны не үшін ұнатпай тұрсыз? Маңызды бір себебі бар ма? Алла кімнің кімге лайық екенін жақсырақ Білуші. Сондықтан жар таңдарда Алладан жәрдем сұрай отыра, оның иманы мен әдебін, адамгершілігін алғышарт етіп ұстаңыз. Себебі, қалғанының бәрі уақытша болатыны бесенеден белгілі.
✔️ Төртінші, үйлене алмай жүруіңіздің бір себебі – сіз жар таңдаудың дұрыс тетіктерін пайдалана алмай жүрсіз. Мысалы, жер бетіндегі қаншама адам 1 минутта әлеуметтік желіге әртүрлі суретін жариялап үлгереді. Ал ғаламтордағы суреттер мен бейнелердің көбі табиғилықтан гөрі қолдан жасалған жасандылыққа бейім. Сондықтан болашақ балаларыңыздың анасын желіден емес, шынайы өмірден, өмірлік тәжірибесі бар үлкендердің, жақын-жуықтың бел шешіп кірісуі арқылы, солардың ақыл-кеңесіне құлақ түре отырып іздегенінің абзал.
(әрине мұны түбегейлі жоққа шығара алмаймыз, алайда келісіп пішкен тон келте болмайтыны белгілі)