Қызыл су үйлеріне лап қойғанда, саяжайда тұратындар не істерлерін білмей қалыпты. Құтқарушылар жиырмаға тарта отбасын қауіпсіз жерге шығарып, бір түнеп шығатын орын табуға көмектескен. Тұрғындар да, әкімдік те бұлай боларын күтпесе керек. Өйткені, су деңгейі көтеріле бастағанда тек бір көлікпен құм тасып арнаны бекітпек болған. Енді үйлерін су басқан ақтөбеліктер баспаналары кепкенше туыстарын жағалауға мәжбүр. Ал Семейде тізеден келер су оннан астам ауланы басқан. Жұрт үйге не кіре, не шыға алмай қалдық деп налиды. Қарағайлы орманда жиылған қар күннің күрт жылынуына байланысты еріп, қалаға лап берген. Көшелердегі көлден жаяу тұрмақ, көліктің қозғалысы да қиындады. Қазір коммуналшылар суды сорғызып жатыр. Олар тасқын зардабын үш күнде жоямыз деп уәде берді. Ал тұрғындар топан судың алдын алуға болар еді деген сенімде.
Нұрмұхаммед Төгісов, Семей қаласының тұрғыны:
-Кезінде қазып алдын бөгеп, бітеп тастады, үстіне үй салды. Су қайда барады?! Түсінікті ғой. Канал ашу керек. Екі машина шлакпен ол түк те болмайды.