Жарияланды: 430

Ұйым құрылған 10 жылдың ішінде ШЫҰ-ның мүшелері арасында өзара саяси түсіністік қалыптасты

Ұйым құрылған 10 жылдың ішінде ШЫҰ-ның мүшелері арасында өзара саяси түсіністік қалыптасып үлгерді. Бүгін елордада баспасөз мәслихаты кезінде ҚХР-дың Қазақстандағы Елшісі Чжоу Ли осылай деді.

«ШЫҰ өзінің 10 жыл ішінде атқарған істері, оның халықаралық аренада беделі бар, дамуды бетке алған аймақтағы сындарлы күшке айналғандығын айғақтайды. Біз ШЫҰ-ны бейбіт күш деп айтамыз, себебі Шанхай ынтымақтастық ұйымы шанхайлық рухты дәріптейді және халықаралық қатынастардың демократиялануын әлемнің көпполярлығын қолдайды, жаһандағы бірполярлыққа қарсы тұрады, сондай-ақ халықаралық қақтығыстарды бейбіт келісімдер мен сұхбаттар жолымен шешуді құптайды»,-дейді Елші. «Ұйымның құрылған 10 жылы ішінде ШЫҰ-ның мүшелері арасында өзара саяси түсіністік қалыптасып үлгерді. Экономикалық ықпалдастық, қауіпсіздік, гуманитарлық салаларда әріптестік қарқынды дамып, ШЫҰ-ның сыртқы байланыстары жандануда», - деп атап өтті Ч. Ли. 15 маусым күні Астанада ШЫҰ-ның мерейтойлық Саммиті өтеді. Жиын Ұйымның құрылғанына он жыл толған тұсында ұйымдастырылып жатқандықтан, ол салтанатты маңызға ие болып отыр. ШЫҰ-ның Астана Саммитінде саяси, экономикалық, гуманитарлық, қауіпсіздік салаларында талқылаулар өтіп, келесі онжылдықтың стратегиялық жоспары белгіленбек. Маңызды құжаттарға қол қойылып, ортақ мәлімдеме жасалады. Бұл құжаттарда ШЫҰ-ның онжылдық дамуы, оның аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудағы жұмысының нәтижелері көрсетіледі, сонымен қатар Ұйымның келесі онжылдықтағы негізгі қадамдары келісілмек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін