«Бюджет жобасының кіріс бөлігін жоспарлау барысында үкімет фискалдық мекемелер үшін біршама күрделі міндетті алға қойып, қолда бар мүмкіндікті толық жүзеге асырды. Сол себепті қосымша көздердің есебінен жекелеген бағдарламаларға қатысты шығындардың көлемі қайта қаралуы мүмкін. Бюджет тапшылығының болжамдық көлемі де ұлғайтылуы мүмкін»,- деді бүгін еліміздің экономика және бюджетті жоспарлау министрі Аслан Мусин парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Бұл орайда нақты санды атамаған министр «шығындарды азайту көлемі мен баптарға, сондай-ақ, қосымша түсімдерге қатысты ақырғы шешім парламент палаталары мен үкіметтің бірлскен комиссиясында талқылау барысында аталады», деді.
А.Мусиннің айтуынша, үкімет бюджет шығындарын ұлғайту жөніндегі депутаттардың бірқатар ұсыныстарын қолдады. Мәселен, қазақ тілін дамытуға 2 млрд. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлу, көктемгі далалық жұмыстарға арнап арзандатылған жанар-жағармайға бөлінетін субсидиялардың көлемін көбейтуге 3,5 млрд. теңге бөлу межеленді.
Бұдан бұрын да хабьарлағанымыздай, үкімет бастапқыда 2007-жылғы республикалық бюджет түсімдері 1 трлн. 982 млрд. теңге, немесе, Жалпы ішкі өнімнің 16,7 процентіне тең; шығындар 2 трлн. 17 млрд. теңге, республикалық бюджеттің тапшылығы 133,1 млрд. теңге немесе Жалпы ішкі өнімнің 1,1 процентіне тең болады деп межелеген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті