Үкімет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің бизнес-тобының директоры Оливье Декампамен кездесті

Әңгімелесушілер әлемдік экономиканың жағдайын, қазақстандық экономиканы дамыту перспективасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен ЕҚДБ-нің ынтымақтастығы мәселесін талқылады.

Бұдан басқа, еліміздің экономикасын тұрақтандыру жөнінде Қазақстан Үкіметі қабылдаған шаралар туралы пікір алмасылды.

О. Декампа "бұл барлық проблемалық қырлары ескерілген, жан-жақты бағдарлама. Үкімет тек банктік секторды ғана емес, жалпы, өте маңызды, экономиканың нақты секторын да қолдауы мүмкін. Бұл бағдарлама қарастыратын тетіктер қазіргі жағдайға пара-пар. Біз үкіметтің дағдарысқа бағдарламасы жария етілетін 25 қарашада толық хабардар боламыз деп үміттенеміз" деп атап өтті.

Одан әрі ЕҚДБ-нің өкілі экономиканың нақты секторындағы қазақстандық жобаларға қолдау көрсетуге және сауда операцияларын қорландыруды, сондай-ақ айналымдағы қаражатты қаржыландыруды қамтамасыз етуге әзір екенін жеткізді.

"Мен инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобаны іске асыруды жалғастыру қажет деп ойлаймын. Сондықтан біз осы сектордағы, сондай-ақ энергетика саласындағы жобалар бойынша өзара белсенді әрекет етеміз",- деді ол.

Кәрім Мәсімов пен Оливье Декампа табысты және тығыз ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді.