Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады
![]() |
ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарын Семей қаласынан бастады. |
Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайтында хабарланды.
Үкімет басшысы бірінші аялдаманы «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының 1- Жылу электрорталығына (ЖЭО) жасады. Онда С.Ахметов стансаның күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысымен және даму перспективасымен танысты. Оған қоса, қаланың және «Самұрық-Энерго» АҚ басшылығымен болған кездесулер барысында Семей қаласының 3-ЖЭО-ны салу жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Премьер-Министр сондай-ақ, тауарлы бетон шығарумен айналысатын «Азия» фирмасы» ЖШС кәсіпорнында болды. Компания басшылығы Үкімет басшысын темір-бетонды бұйымдар өндірісінің технологиялық аспектілерімен және кәсіпорынды дамытудың жоспарларымен таныстырды.
Темір-бетонды бұйымдардың өндірісін кеңейту және тұрғын үй-құрылысы бағдарламасын іске асыру аясында Семей қаласында үй құрылысы комбинатын салу жоспарлануда. Премьер-Министрге осы комбинаттың жобасы да таныстырылды.
Үкімет басшысы сапар барысында сондай-ақ Семей кәсіпкерлерімен кездесіп, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелерін талқыға салды. Кеңеске орталық және жергілікті атқарушы органдардың, бизнес-қауымдастықтардың басшылары қатысты. ШҚО әкімі Б.Сапарбаев, «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндамалар жасады. Өз сөзінде А.Мырзахметов Семейде «Атамекен» Одағы» палатасының филиалы ашылатынын хабарлады.
«Өздеріңіз білесіздер, 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында Елбасы Қазақстанды әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосу туралы міндет қойды. Қуатты және бәсекеге қабілетті бизнеске қолдау көрсеткен жағдайда ғана, ондай жетістікке қол жеткізе аламыз. Бизнес көшбасшы елдердің экономикаларының негізгі тірегі болып табылады», - деп мәлім етті Премьер-Министр кеңесті қорытындылаған сөзінде.
Серік Ахметов сондай-ақ, Семейде «Атамекен» Одағы» палатасының филиалын ашу туралы А.Мырзахметовтің ұсынысына қолдау білдірді.
«Атамекен» Одағы ірі бизнес-бірлестік болып табылады. «Атамекенмен» бірлесіп бірінші қалалық Үйлестіру кеңесін құруды дұрыс деп санаймын. Ол кәсіпкерлердің түйінді мәселелері талқыланатын және шешілетін, сондай-ақ перспективалық бастамалар қаралатын ортақ алаң болады», - деді Үкімет басшысы.
С.Ахметов кәсіпкерлерге арнаған сөзінде, оларды бизнес-ортаны белсендірек дамытуға шақырды. «Біздің кездесуіміз Семейде кездейсоқ өтіп отырған жоқ. Сіздердің қалаларыңызда қала құрушы қуатты кәсіпорын жоқ, сондықтан да қаланың тіршілігінде шағын мен орта бизнес маңызды роль атқарады. Семейді дамытуға Елбасы тарапынан үлкен назар бөлініп отыр. Ағымдағы жылы қаланың дамуына 16,6 млрд. теңге бөлінеді. Дәл осындай қалалар тиімді және салауатты бизнес-ортаның үлгісіне айналуы тиіс», - деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.
Ол сондай-ақ облыс әкіміне, ағымдағы жылы Семей қаласында Кәсіпкерлерді қолдау орталығы пен Инвесторларға қызмет көрсету орталығын құру туралы тапсырма берді.
Кеңесті қорытындылаған сөзінде Премьер-Министр, «ШҚО әкімдігі мен өңір бизнесі аймақтың және елдің дамуына айтулы үлес қоса алатындығына» сенім артты.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін