Үкімет басшысының ұшағы Қарағанды қаласының әуежайына 10 сағат 44 минутта келіп қонды. Оны облыс әкімі Нұрлан Нығматулин мен Қарағанды қаласының әкімі Ислам Тоғайбаев қарсы алды. Премьер-министр әуежайдан шығысымен бірден «Көгілдір тоғандар» ықшамауданына бет алды.
Сондай-ақ, К. Мәсімов бүгін Қарағанды 3-ЖЭО, «Стройкомплект» ЖШС барады.
Осыдан кейін, премьер-министр Теміртаудағы «Миттал Стил Теміртау» АҚ кәсіпорынына барып, домналық цех жұмысымен танысады. Металлургтар қаласында К. Мәсімов индустриялық саябақтың жобасымен таныспақ.
К. Мәсімов Қарағанды қаласына қайта оралып, Қарағанды экономикалық университетіне барып, «Виртуалдық кәсіпорын» бағдарламасымен және «Электрондық университет» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысады. Сондай-ақ, үкімет басшысының жұмыс сапарында «Атамекен» өкілдерімен кездесу жоспарланған. Кездесу «Нұр Отан» партиясының кеңсесінде өтпек.
Премьер-министрдің жұмыс сапары «Миттал Стил Теміртау» АҚ көмір департаментінде өтетін кеңеспен аяқталады. Кеңесте көмір департаментін дамыту және еңбек қауіпсіздігін күшейту бағдарламсының тұсаукесері өтеді, сондай-ақ, Ленин атындағы шахтада болған апаттан кейін мемлекеттік комиссияның жасаған ескертулерін жою туралы баяндама тыңдалынады.
Үкімет басшысының Қарағанды облысына сапары бүгін аяқталмақ.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті