Үкімет экономикалық саясатында экономиканың нақты секторындағы шешуші реформаларды шапшаңдатуға күш салатын болады - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкімет экономикалық саясатында экономиканың нақты секторындағы шешуші реформаларды шапшаңдатуға күш салатын болады

Үкімет экономикалық саясатында экономиканың нақты секторындағы шешуші реформаларды шапшаңдатуға күш салатын болады

Астана. 3 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Үкімет экономикалық саясатында экономиканың нақты секторындағы шешуші реформаларды шапшаңдатуға күш салатын болады. Бұл туралы бүгін парламент сенатының отырысында үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

  • 3 Қараша 2008
  • 613
Фото - Caravan.kz

Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, бұл өз кезегінде ұлттық шаруашылықтарды әртараптандыру ісін және дағдарыс кезеңінде әлемдік нарықтағы Қазақстанның бәсекелек позициясын нығайтады.

«Алдағы кезеңде үкімет белсенді жаңғыртушы рөл атқаратын болады. Тактикалық бағыт тек тұрақтандыруға ғана емес, экономиканың нақты секторындағы шешуші реформаларды шапшаңдатуға және оған инвестициялар мен капитал шоғырландыруға бағытталады. Бұл үшін президенттің тапсырмасы бойынша қаржы ресурстарының жетіспеушілігі жағдайында отандық өндірістерді қолдау үшін біз мемлекеттің инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтетін боламыз. Осының барлығы ашық әрі қоғамға есептілік жағдайында, жұртшылықтың бақылауы аясында жасалуы тиіс», деді К. Мәсімов.

«Таяу уақыттарда банктердің сыртқа нарықтан несие алуға мүмкіндігі болмайтыны айқын. Осыған байланысты үкімет «Самұрық-Қазына» қоры арқылы экономикаға инвестиция салуға күш салады», -деді премьер-министр.

Оның мәліметінше, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2,6 млрд доллар көлеміндегі мемлекеттік қолдаумен 19 инвестициялық жобаның тізімін ұсынып отыр. «Оның 8 жобасы энергетика, 5 жобасы транспорттық инфрақұрылымды дамыту, 3 жобасы мұнайгаз саласын дамыту, тағы үш жобасы өнеркәсіпті дамыту бағытында. Іріктеп алынған жобалар қазіргі бар инфрақұрылымды сапалық тұрғыда жаңалауға, жаңа жұмыс орындарын құру мен экономиканың нақты секторын дамытуға қуатты серпін беруге бағытталған», — деді Кәрім Мәсімов.

«Жиынтық сұраныс пен іскерлік белсенділік бюджет шығындарын жоғары деңгейде сақтау есебінен қамтамасыз етіледі. Ал бюджет шығындары бірінші кезекте экономикада жұмыспен жоғары деңгейде қамтуды көздейтін басымдық берілген инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Тұтастай алғанда, 2009 — 2011 жылдары мемлекеттік бюджеттен бөлінетін бюджеттік инвестициялар орта есеппен 1,5 трлн теңгеге өседі», — деді ол.

«Қазіргі қиындықтар — уақытша қиындықтар. Біз оларды еңсере аламыз. Қалыптасқан ахуалды өзіміз үшін мейлінше тиімді пайдаланып, дағдарыстан бәсекеге қабілеттілігіміз артқан, беки түскен жағдайда шығуымыз қажет», — деді үкімет басшысы.

«Одан кейінгі экономикалық өрлеу әлемдік деңгейде тұтынымның одан бетер артуына алып келеді. Сондай жағдайда біз ғаламдық конъюнктураның жақсара түсуінен туындайтын мүмкіндіктерді пайдаланатын болуға дайын тұруымыз қажет. Сол себепті біз қазір экспорттық бағдардағы, бәсекеге қабілетті өндірістер құруға, инфрақұрылым мен адами ресурсты дамытуға күш салуымыз қажет», — деді Кәрім Мәсімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Соңғы жаңалықтар