Жарияланды: 380

Үкімет «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» заң жобасын мақұлдады

Бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» ҚР заңының жобасы мақұлданды.

Аталған құжатты таныстырған ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаевтың атап өтуінше, жаңа заң жобасында қызмет көрсетуді тұтынушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асыратын, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі ретінде мемлекеттік қызмет көрсету ұғымының жаңа анықтамасы белгіленген. Сондай-ақ, заң жобасында «қызмет көрсетуді тұтынушы», «қызмет көрсетуші» және «мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсынушы» деген жаңа ұғымдар енгізілді. «Қызмет көрсетуді тұтынушы» ұғымы Қазақстанда мемлекеттік қызметті тұтынуға құқығы бар тұлғалардың аясын айтарлықтай кеңейтеді. Атап айтқанда, осы ұғымға мемлекеттік органдардан басқа жеке және заңды тұлғалар, шетел азаматтары мен заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғалар кіреді»,-деді Е. Досаев. Министрдің айтуынша, «қызмет көрсетуші» қызмет көрсету стандарттарын бекітетін және мемлекеттік қызмет көрсету процесін ұйымдастыратын органдар, сондай-ақ тиісті салада және өз деңгейінде мемлекеттік қызмет көрсету процесін ұйымдастыратын жергілікті атқарушы органдар болып табылады. «Бұл ретте, «мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсынушы» тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін жеке және заңды тұлғалар болып табылады. Оның ішінде мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынышты ұйымдары, мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен азаматтар да бола алады. Заң жобасына қызмет көрсетуді тұтынушылардың, қызмет көрсетушілердің және мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсынушылардың құқықтары мен міндеттері айқындалады»,-деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін