Үкімет «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» жеке қолға сатқалы жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкімет «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» жеке қолға сатқалы жатыр

Үкімет «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» жеке қолға сатқалы жатыр

Баспана алу арманға айналып кететін түрі бар. Үкімет Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін жекеге сатқалы жатыр.

  • 23 Қыркүйек 2015
  • 650
Фото - Caravan.kz

Сөйтіп мыңдаған адамның  миллиондаған жинағына енді мемлекет емес, отандық кәсіпкер не шетелдік инвестор иелік етуі мүмкін. Жинақ банкінен басқа, билік бюджеттен қаржыландырылатын шығыны көп нысандарды жаппай сатып жібермек. Жекешелендіру науқанының екінші кезеңін бастаған Үкімет бұл әрекетін ақшаның тапшылығымен түсіндіріп отыр.

Бүгін Үкімет үйіндегі жабық отырыстан шыққан министрлер   «Қазмедиа» орталығына ағылды. Есікті жауып алып кеңескен жиындарында не айтқандарын тілшілерге айтып бермек. Бірі баяндамасын қайталап отырса, екіншісі планшетінен бас көтерер емес. Бірінші вице-премьер Сағынтаев бастап келген Министрлер кабинеті ондаған мемлекеттік компанияны сатылымға шығаратындарын мәлімдеді.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

-Жекешелендіру үшін бекітілген нысандарға қосымша 60 ірі кәсіпорынды ұсынып отырмыз,  бұл тізімге. Оның ішінде 30-ы «Самұрық-Қазынаға» кіреді, қалған төрт-төрттен «Бәйтерек» пен «ҚазАгроға» холдингтерінің кәсіпорындары. Ал, 14-і мемлекеттік меншіктегі ірі мекемелер.

Сауда-саттық аукцион арқылы және тікелей жүреді. Сатылатын 60 нысанның әрқайсысының құны 5 миллиард теңгеден кем емес. Жеке меншікке берілетін мекемелердің қатарында әуежай, фармацептикалық компаниялар, «Қазавтожол» бар. Үкімет тіпті «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» де кәсіпкерлердің қолына ұстатып жібермек. Яғни, енді жұрттың баспана алу үшін жылдар бойы жинаған қаржысын да бизнесмендер басқарады.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

— «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» сатылатын тізімде бар. Қазір инвестор іздеп жатырмыз. Бәлкім, сонда бастапқы жарнаның пайызы төмендеуі  мүмкін.

Бұған дейін Алматыдағы Ішкі істер министрлігіне қарасты «Қазақстан» санаторийі, республика сарайы мен «Қазақфильм» акциясының тең жартысы сатылатыны айтылған еді. Алайда, «Қазақфильм» әлі өтпепті.


Сондай-ақ, бүгін елімізге Беларусьтан тонналап  келетін құрғақ сүт те сөз болды. Оның сапасына қатысты Назарбаев пен Лукашенко сөзге келіп қалған еді.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

-Бірінші кезекте халықты таза сүт ішуді үйрету керек. Жарнама жүру керек, халықтың өзінің түсінігі болу керек. Қатып қалған нан жейсің бе, әлде бүгін піскен нан жеген тиімді ме?

Сүттен соң әңгіме азық-түлікке ауысты. Ауыл шаруашылығы министрі жанармайдың қымбататуына байланысты дүкендердегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы да көтерілетінін айтты. Әмбебап Асылжан Мамытбеков тікелей эфирде журналистердің сұрағына жауабын әлеуметтік желіде жариялап та үлгеріп жатты.   

Үкімет мемлекеттің меншігіндегі 60 нысанды 2018 жылға дейін сатып үлгеруі тиіс. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі жекенің қолына өтеді дегенді естіген салымшылар дүрлігіп жатыр. Себебі доллардың еселеп қымбаттауынан теңгелері күйіп кеткен жұрт баспана алудың тағы  қиындап кететінін айтады. Үкімет болса, талай дауға қалған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін қаржыландыратын бюджетте ақша жоқ деп отыр.

Соңғы жаңалықтар