«Бағдарлама біраз ескертулермен қабылданды. Оларды біз алдағы екі аптада реттейміз»,- деді журналистерге берген түсініктемесінде ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігінің төрағасы Болат Жәмішев.
Бағдарлама мемлекеттік бағалы қағаздар рыногын одан әрі дамытуды көздейді. «Қаржы министрлігі мейлінше ашық қарыз алу саясатын ұстанады деп күтілуде»,- деді Б.Жәмішев. Оның айтуынша, «несие алу жөніндегі жоспарларды жария етіп отыру және алынатын несиелер көлемін ұлғайту көзделген». «Несие алу шарасы алдын-ала жарияланған кесте бойынша жоспарға сәйкес жүзеге асырылып, үлкен көлемде алынады. Ол үшін қаржы министрлігі эмиссиялар санын азайтуы тиіс»,- деді агенттік төрағасы.
Сонымен бірге бағдарламада корпоративтік облигациялардың көмегімен несиелер тартуды одан әрі дамыту, облигациялар рыногын дамыту көзделген.
«Осы үш жылдағы басты мақсат — зейнетақы қорларының нақты оң кірістілік жағдайын қамтамасыз ету болып табылады»,- деді Б.Жәмішев. «Биыл зейнетақы қорларының нақты кірісі кері көрсеткішті болады. Ал былтыр ол оң көрсеткішке ие болған». «Соған қарамастан, елімізде зейнетақы реформасы жүзеге асырыла бастағаннан бері біршама беріктікке қол жеткізілді»,- деді Б.Жәмішев. Оның айтуынша, 1998-жылдан бері инфляция 66 процентті құраса, зейнетақы қорларының кірісі 149 процентке жетті.
Қазіргі жағдаймен еліміздегі жалпы зейнетақы активтері 459 млрд. теңгені құрайды.