Сонымен бірге Елбасының айтуынша, «екінші деңгейлі банктер арқылы студенттерге несие берудің қазіргі заман талабына сәйкес жүйесін құру қажет және бұл несиелер толық көлемде қайтарылуы үшін мемлекет тарапынан кепілдік беру дұрыс».
Елбасының пайымдауынша, үкімет тұрғын үй құрылысын салуға студенттік отрядтарды тарту мәселесін қарауы қажет.
«Білім беру саласын дамыта алмаған ел 21 ғасырда құрдымға кетеді. Біз озық технологиялы және ғылыми сыйымдылығы мол өндірістерге арнап болашақ мамандар қорын құруымыз қажет»,-деді президент.
Ал білім министрлігі мен Қазақстан жоғары оқу орындарының қауымдастығына Елбасы «оқытушы-профессорлар құрамын қолдау жүйесін ойластыруға» тапсырма берді. Н.Назарбаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда елімізде «Таңдаулы оқытушы» атты мемлекеттік стипендия тағайындауға мүмкіндік бар. «Бұл бір жыл бойына ғылыми зерттеулер жүргізуге және шетелдерде мамандық шыңдауға мүмкіндік беретін грант мәртебесіне ие болмақ».
Мемлекет басшысы осы орайда 2008-жылдан бастап он екі жылдық білім беру жүйесі енгізілетінін атап өтті. «Біз мұғалімдердің кәсіптік деңгейін арттырып, ұстаздың беделін қалпына келтіруіміз қажет»,- деді ол.