Д.Ахметов министрлік, мекеме және үкімет басшысы кеңсесінің аппараты жетекшілеріне жолдаудың әрбір бөлімін сол бөлім нақты арналған халық өкілдерінің құлағына жеткізу қажеттігін шегелеп тапсырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз қаржылық супермаркет құруға тиіспіз. Ендігі жерде шағын және орта бизнесті дамытуға ынталандыратын осынау жаңа нысанға барша кәсіпкерлер қалай қол жеткізе алатынын ұғындыру қажет»,- деді Д.Ахметов.
Үкімет басшысы түсініктеме жұмыстарының кезеңін нақтылады. Бірінші кезекте жолдаудың мәтіні БАҚ-тарда түгелдей дерлік жариялануы қажет. Ал бұдан кейінгі кезеңдерде жолдаудың жекелеген бөлімдерін тұрғындар назарына жеткізумен ғана шектелмей, сонымен бірге министрлік және мекеме басшыларының құжаттың тиісті бөлім жайындағы түсініктеме-материалдарын жариялау керек. Түсіндірме жұмыстарының белгілі бір кезеңінде БАҚ-тарда жолдау тапсырмаларын жүзеге асыру жұмыстары туралы есептер жарияланады.
Үкімет басшысы осындай есеп-баяндамаларды өзінің басқаруымен өтетін кеңестерде ай сайын тыңдап, жолдауды жүзеге асыруға қатысты мәселелерді тоқсан сайын үкіметтің отырысына шығарып отыруды тапсырды.
Орталық атқарушы билік органдарының басшыларына түсініктеме жұмыстарын жолға қою үшін жоғары кәсіби мамандарды аймақтарға іссапармен жіберу туралы тапсырма жүктелді.