Әкімшілік реформаны одан әрі жаңғырту мақсатында мемлекеттік органдар тарапынан үлкен іс атқарылды.
Елімізде алғаш рет мемлекеттік міндеттерге кең көлемде лауазымдық талдау жасалды. Ал, премьер-министрдің орынбасары Аслан Мусиннің айтуынша, «талдау барысында мемлекеттік органдарда 3000 әртүрлі міндеттер айқындалды, соның қорытындысында, оның 600-ы бәсекелестік ортаға бағытталғаны анықталып отыр».
Күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе — 2008 жылға арналған бюджетті қалыптастыру жайы болды. Еліміздің басты қаржы құжатын қалыптастыруда алғашқы міндет ретінде бюджеттік қаражат шығысының тиімділігін арттыру мәселесі анықталды.
«Келесі жылдың бюджеті мемлекеттік жоспарлауда жаңа көзқарас тұрғысынан қалыптастырылуы тиіс», — деп атап көрсетті үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.
Отырысты қорытындылай келе, премьер-министр ведомстволардың бірінші басшыларына талқыланған мәселе бойынша Үкіметке кезекті есеп беруге жан-жақты дайындалуды тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті