Жобаны Nexant LTD және КАТЭК компаниялары іске асырады.
«Бұл жобаның басты мақсаты — Қазақстанда мұнайхимиясын дамыту перспективасын бағалау және бұл салаға шетелдік инвесторларды тарту бағытында нұсқаулар жобасын жасау болып табылады»,- деді кеңесті ашқан республика үкімет басшысы Даниал Ахметов.
Nexant LTD компаниясының аға вице-президенті Эндрю Спиерстің пайымдауынша, «Қазақстанда жылына 1 млрд. доллар көлемінде пайда әкелетін негізгі үш жоба бар». Атап айтсақ, полиэтилен, полипропилен және полистирол өнімдер өндірісі. Nexant LTD компаниясы өкілінің бағалауынша, бұл үш жобаны жүзеге асыру үшін 7 млрд. доллар қажет. Ал компания жасап шығарған бас жоспарға 15 жыл ішінде жылына 0,5 млрд. доллар көлемінде инвестициядан қажет. Осынау үш өндірісті іске қосу нәтижесінде 50-60 мың жаңа жұмыс орындары құрылады.
«Бұл мүмкіндікті іске асыру үшін мемлекет мұнайхимиясына қолдау көрсетуге, атап айтсақ, шикізаттың қолайлы бағаға сатылуына кепілдік беруге, болашақ инвесторларға арнап ақпараттар таратуға және мұнайхимиясы өндірісін базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге тиіс»,- дейді ол.
Nexant LTD компаниясының бағалауынша, «Қазақстандағы мұнайхимиясы өнімдері Батыс Еуропа мен Азияға экспорттаған жағдайда бәсекелестік қабілетке ие болмақ».
Республика үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлауынша, «шикізат көздеріне жасалған талдау қорытындысы мұнайхимиясын дамыту үшін этанды бастапқыда Теңіз кенішінен, ал артынан Қашаған кенішінен шыққан газдан алудың тиімділігін көрсетіп отыр». Үкімет басшысы бұл саладағы зерттеулердің одан әрі жалғасатынын хабарлады.
Кеңес қорытындысы бойынша Д.Ахметов ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігіне аталмыш бас жоспарды жүзеге асыру шараларының жоспарын жасап бір айда таныстыруды міндеттеді. Ал индустрия және экономика министрліктері мен «ҚазМұнайГаз» ҰК-ына шетелдік инвесторларлы тарту шараларының жоспарын жасауға , білім министрлігіне болашақ өндірістерді мамандармен қамтамасыз етуге тапсырма берілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті