Үкіметтік емес ұйымдардың өзара ықпалдастығын арттыру қажет - БҚО - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкіметтік емес ұйымдардың өзара ықпалдастығын арттыру қажет - БҚО

Үкіметтік емес ұйымдардың өзара ықпалдастығын арттыру қажет - БҚО

Бүгін облыстық ішкі саясат басқармасында Қазақстан Азаматтық альянсы мүшелері мен жергілікті үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерінің кеңесі болып өтті. Күн тәртібінде өзара ықпалдастықты дамыту мәселелері талқыланып, V Азаматтық форумға дайындық барысы пысықталды.

  • 20 Маусым 2011
  • 547
Фото - Caravan.kz

Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашевтің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда өңірде 350-ден астам үкіметтік емес ұйым заңды тіркелген. Тек соңғы екі жылда 25 жаңа ұйым құрылды. Әйтсе де, солардың тек жүзге жуығы ғана нақты және белсенді қызмет атқарады. Үкіметтік емес ұйымдардың билік пен халық арасындағы алтын көпір екендігін және көптеген әлеуметтік мәселелерді дөп басып көрсете білумен қатар, шешу жолдарын да ұсынып жүргендігін жеткізген Тілекқабыл Имашев әсіресе, облыстық Азаматтық альянс мүшелерінің биылғы су тасқынынан зардап шеккен халыққа үлкен қолдау көрсеткендерін ерекше атап өтті.

Қазақстан Азаматтық альянсы — ҮЕҰ, бизнес пен билік арасындағы өзара шынайы қатынастың тұрақты құрылымы. ҚАА республиканың 500-ден аса ҮЕҰ-ын біріктіреді. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өтетін V Азаматтық форум қарсаңында облысқа арнайы келген Қазақстан Азаматтық альянсы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту бағдарламасының директоры Андрей Емелиннің айтуынша, аймақтарда ҮЕҰ-лардың даму үрдісін тежейтін бірқатар кедергілер бар. «Аймақтардағы ҮЕҰ-лар көбінесе мемлекеттік тапсырыстарды атқарумен ғана шектеледі. Кейбіреулері арнайы тапсырыс мақсатында ғана құрылып, ол аяқталған соң жабылып қалып жатады. Халықаралық ұйымдармен, қайырымдылық қорларымен байланыс орнату жағы кемшін. Қоғамдық түйткілдерді шешуде халық өкілдерін тарту, еріктілерді жұмылдыру мәселесі ескерілмей жатады. Бұл — азаматтық қоғамды әлі де дамыта түсу қажеттігін көрсетеді. Сол себептен қазіргі уақытта Азаматтық Альянс ҮЕҰ секторын дамытуда, ҮЕҰ және мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекеттерін, сондай-ақ елдің және қоғамның дамуына азаматтық қатысуды белсенділендіру саласында жаңа жобалармен жұмыс істеуді қолға алды», — дейді ол. Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың нақты саны туралы әлі күнге ресми ақпараттың жоқтығына алаңдаушылық білдірген сарапшы қазіргі таңда ҚАА қағаз жүзіндегі ҮЕҰ-ларды таратудың немесе жоюдың заңды тетіктерін қарастырып жатқанын мәлім етті. «Бұл үрдіс ерікті түрде жүзеге аса ма, әлде мемлекеттік органдардың ықпалы қажет бола ма? Қазір соның жолдары қарастырылып жатыр», — дейді А.Емелин.

БҚО Азаматтық альянсының президенті Айгүл Түркина «өз қазанында қайнап» жатқан аймақтардағы үкіметтік емес ұйымдардың келіссөзге ұдайы пейілді екендігін, әйткенмен, бірді-екілі мемлекеттік органдарды есепке алмағанда, жалпы мемлекеттік құрылымдармен ықпалдастық орнатуда түрлі кедергілердің бар екендігін жеткізді. Аймақтарда ортақ ақпараттық база жасақтау, әкімшілік орталық ашу арқылы барлық ҮЕҰ-дың қызметін үйлестіруді ұсынды. Облыстағы ҮЕҰ жетекшілері ҚАА сарапшыларымен мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізу, оларды орындау, билік органдарымен байланыс орнату барысында кездескен түрлі қиындықтар туралы ой бөлісіп, пікір алмасты.

Соңғы жаңалықтар