Укрина өкілдерінің ақпаратына сәйкес, бұл жерде «Біртұтас Экономикалық кеңістікке мүше елдердің аумағы арқылы транзитті тасымалды жүзеге асырудың біртұтас шарттары туралы» және «Біртұтас Экономикалық кеңістікке мүше елдердің сыртқы экономикалық алыс-берісі аясындағы біртұтас тауар номенклатурасы туралы» келісімдер турасында сөз болып отыр.
С.Терехиннің айтуынша, бұл — Украина жағының кезек күттірмейтін келісімдердің тізіміне қатысты көзқарасынан туындап отыр. «Біз өзара интеграцияны ешбір шектеу және тәркілеусіз еркін сауда режимін енгізу позициясына негіздеп еркін сауда аймағын құру арқылы жүзеге асыруды қалаймыз»,- деді ол. «Осы логикаға бағыну негізінде Украина аталмыш екі келісімді жақтап отыр. Өйткені, біздің пікірімізше, бұл келісімдер еркін сауда аймағын құру идеясына сай келеді»,- деді С.Терехин.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Біртұтас Экономикалық кеңістікке мүше елдердің мемлекет басшыларының қарауына кезек күттірмейтін 29 келісімнен құралған құжаттар топтамасын ұсыну межеленген. Ал 2005-жылдың 8-сәуірінде Мәскеуде өткен Біртұтас Экономикалық кеңістік құру жөніндегі жоғары дәрежелі топтың 19-отырысында Украина жағы құжаттар топтамасын 16+1 форматына дейін қысқартуды ұсынды.
Украина өкілдері таратқан баспасөз баянында атап көрсетілгеніндей, кезек күттірмейтін құжаттардың топтамасына экономикалық талдау жасау нәтижесінде Украина олардың санын 14+1 форматына дейін азайтуға шешім қабылдады. Бұл ретте Украина «Біртұтас Экономикалық кеңістікке мүше елдер арасындағы қызмет саудасы туралы» келісімді басты назарға алып, оны аталмыш тізімде +1 деп белгілеп отыр. «Төрт елдегі қызмет көрсету секторын дамытудың маңызын ескеру негізінде Украина оны кезек күттірмейтін келісімдердің санына енгізуді ұсынады» ,- делінген баспасөз баянында.
Ал Ресейдің өнеркәсіп және энергетика министрі Виктор Христенко дәл қазір кезек күттірмейтін барлық құжаттар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол «төрттік» мемлекет басшылары құжаттарды 2005-жылдың 1-шілдесіне дейін дайындап шығуға тапсырма бергенін еске салды. «Біз , әрине, Украина жағының ұстанымы туралы білеміз және оны ескереміз де. Дейтұрғанмен, біз 1-шілдеде президенттердің алдында барлық 29 құжат бойынша есеп беруге міндеттіміз»,- деді Ресей өкілі.