Артынша украин диверсанттары шекарадан өтіп, Курск облысына кірді. Қазір ұрыс болып жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы саясаттанушы Асхат Қасенғали жазды.
Кей ақпарат көздері украин диверсанттарының Гончаровка мен Куриловка маңына дейін жеткенін жазуда. Бұл Украина шекарасынан 7-8 шақырым деген сөз.
Жалпы аталмыш диверсиялық рейдке байланысты ресми Киев мүлде ақпарат бермеді. Қазіргі ашық дереккөздерде тарап жатқан ақпаратқа сүйене отырып, диверсанттардың саны 150-200 адам және бірнеше бронды техника (мүмкін жеңіл бронды әскери көлік) екенін түсінуге болады.
Бұл әрине соғысқа үлкен әсері бола қоймас. Негізгі мақсаты ақпараттық және психологиялық эффект алу. Әскери тұрғыдан Ресейді Украинаға кіргізуі тиіс әскерінің біршама бөлігін осы шекаралас облыстарда ұстауға мәжбүр ету болса керек.
Ресей қазір әскери күшінің негізін Торецк қалашығын алуға бағыттауда. Украинадағы оккупациялық әскерінің 30 пайыздан астамы осы бір кішігірім қалашық маңына топтасқан. Жақын аралықта оған Белгород пен Курскта тұрған әскер барып қосылуы тиіс еді. Міне, сол қосылуы тиіс әскердің біраз бөлігін осы шекаралас аймақты күзетуге қалдыруға мәжбүрлеу әрекетіне ұқсайды.
Соңғы рет украин диверсанттары наурызда осындай шабуылдарға шыққан. Ол сәтте АҚШ-тың көмегі тоқтап, Конгресс әлі көмекті мақұлдамаған сәт еді. Украина тарапы уақыт ұтуға және әскерге рухтық серпіліс беруге талпынып, диверсиялық рейдтер жасаған болатын.