-Соңғы күндердегі Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі өте тығыз. Алдымен Брюссельге барып, Еуропалық Одақпен жаңа келісім шарт жасауға уағдаласты. Сонымен қатар дүниежүзілік сауда ұйымына биылдан қалмай кіру мәселесін шешіп алды. Еуропалық одақпен келіссөз жүргізіп болған соң Елбасы Еуразиялық одақтың жай-жапссарын талқылау үшінбүгін Минскіге келді. Өйткені ресми Астананың Еуразиялық Одаққа қосылуы Еуропалық Одақпен қарым-қатынасына кедергі келтірмеуі тиіс.
Алдымен Минскіде, 11 ел мүше ТМД мемлекет басшыларының кеңесі басталды. Президенттер түгел жиналған. Тек басқосудың басталауына бірнеше сағат қалғанда Украин Президенті Беларусьқа келуден бас тартыпты. Оған ТМД-ның Қырымға қатысты ұстанған саясаты ұнамай қалған. Десек те, Порошенконың төбе көрсетпеуі оның кейбір әріптесіне ұнамай қалды. Күтпеген жерден Порошенконы Өзбекстан басшысы сынады.
Ислам Кәрімов, Өзбекстан Президенті:
-Порошенкомен тек бірді-екілі президент кездесті. Минскіге келудің орнына Еуропаға дәлірек айтқанда Брюссельге жиі барады. Украина әзірше ТМД-ға мүше. Иа қалатынын не шығатынын өздері де білмей отыр. Порошенко келіп сөз сөйлегенде, Украинадағы жағдайға қанығар едік. Ал қантөгісті тоқтату жөніндегі Минск келісімі орындалып жатқан жоқ.
Қызды-қыздымен Ислам ака тіпті ТМД-ның жүргізіп отырған саясатын «пиарға» теңеді. Сондықтан қатардағы отырыстардан батыл қадамдарға көшуді ұсынды. Осы жерде Қазақстан президенті құрылғанына 25 жыл болған ТМД-ны реформалау туралы бастама көтерді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-2015 жылы төрағалық бізге өтеді. Сондықтан ТМД-ны дамытудың жаңа концепсиясын қабылдаймыз. Ол туралы барлығыңызбен ақылдасатын боламыз. Қазақстан тарапы аумақтағы қауіпсіздік пен өзара экономикалық байланыстың дамуын жаңа сатыға көтеруіне тырысады.
Экономика демекші, осы жерде Ресей президентінің даусы қатқыл шықты. ТМД елдеріне Еуроодақпен алыс-беріс жасауға ешқашан қарсылық танытпағанын айтып ақталды. Бірақ, Еуропалық одаққа ұмтылып отырған Украина мен Молдоваға Кремль қожайыны сес көрсеткендей.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті :
— Еуроодақпен жақындасуға өзіміз де мүдделіміз. Басқаға да кедергі келтіре алмаймыз. Бірақ, кейбір әріптестеріміз оның Ресей экономикасына тиетін залалын ойламайды. Тіпті талқылағысы келмейді. Әйтпесе, Еуропадан келетін арзан тауар ортақ нарықты басып алады.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы саммиті аяқталған соң Назарбаев Путин, Лукашенко оңаша қалды. Бұл үштік Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысып, 3 айдан соң жұмысын бастайтын Еуразиялық Одақтың жай жапсарын талқылайды. Ал 2015 жылдың 1 қаңтарында одақ құрылған соң Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес таратылмақ.
-Үш президентке бүгін Минскде Армения мен Қырғызстан президенттері қосылды. Соңғы екі мемлекет Еуразиялық экономикалық одаққа 1-ші қаңтарда қосылып болуы тиіс. Путин мен Лукашенко Еуразиялық одақ шартына қол қойып үлгерсе, Нұрсұлтан Назарбаев Беларусьтен келген бойда құжатты дереу бекітпек.