Украина жерінде қаза тапқан батысқазақстандық жауынгердің мүрдесі табылды - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Украина жерінде қаза тапқан батысқазақстандық жауынгердің мүрдесі табылды

Украина жерінде қаза тапқан батысқазақстандық жауынгердің мүрдесі табылды

Ұлы Отан соғысы кезінде Украина жерінде ерлікпен қаза тапқан батысқазақстандық жауынгер Баянғожа Қабашовтың мүрдесі табылды.

  • 9 Қараша 2012
  • 366
Фото - Caravan.kz

Ол Қаратөбе ауданы Батпақкөл ауылы кеңесіне қарасты Киров колхозынан (қазіргі Үшана ауылынан) 1941 жылы майдан даласына аттанған.

Харьков облысының Луганск жерінен табылған жерлес жауынгер жөніндегі ақпаратпен облыс, аудан әкімшілігін Ақтөбе облысы бойынша іздестіру тобының жетекшісі Асылбек Исмурзин хабардар қылған. Оның айтуынша, жауынгердің батысқазақстандық екендігіне табылған төсбелгі дәлел. Төсбелгіні (медальон) ашып қарағанда жауынгердің аты-жөні, туған жылы, туған жері толықтай жазылған хат шыққан.

Батыс Қазақстан облысы бойынша «Боздақтар» зерде кітабының 5-томындағы 249 бетінде: «Қабашов Баянқожа 1899 жылы Сулыкөл селосында туған. Қазақ. Қатардағы жауынгер. 1943 жылы наурызда хабарсыз кеткен» — деп көрсетілген.

Бүгінгі таңда облыс, аудан басшылығының жетекшілігімен араға жылдар салып табылған жауынгер мүрдесін туған елге әкеліп жерлеу, жауынгерге ескерткіш тақта орнату мақсатында іс-шаралар жоспары жасалып, арнайы комиссия құрылды. Арнайы топ жақын күндері Украинаға аттанбақ.

Үшана ауылының тұрғыны, зейнеткер-ұстаз Аман Жүсіпқалиевтың сөзіне қарағанда, жауынгерден үш ұл, екі қыз өрбіген. Тұңғышы Сәндібек Баянғожин 1928 жылы туылған, тарих пәнінің мұғалімі, 40 жылдан астам уақыт бойы мұғалім болып жұмыс жасады, Әлібек Баянғожин — екіншісі баласы 1936 жылы туылған, шаруашылық жұмыстарында болған, бүгінгі таңда Төлен ауылында тұрады — тыл ардагері, үшінші ұлы Ғалымгерей Баянғожин — 1941 жылы туылған, бүгінде Шыңғырлау ауданының тұрғыны.

Арнайы сауаты болмаса да, жауынгер соғысқа аттанғанға дейін ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп, көп жыл мал баққан. Сонымен бірге ел-жұртты азық-түлік, киім-кешек тасымалдап қамтамасыз еткенге ұқсайды. Шынайы еңбекке деген құрмет болса керек, Үшана ауылына бір шақырымдай кіреберістегі мекенді жергілікті жұрт Баянғожа елді мекені деп атайды. Ал, солтүстік батысқа қарай орналасқан мекен Қабаш күтірі деген атауды иеленген. Қабаш — жауынгердің әкесінің аты.

Соңғы жаңалықтар