Жарияланды: 510

Украинада ерлікпен қаза тапқан Б.Қабашовтың сүйегі 69 жыл өткеннен кейін туған жерінде жерленді - БҚО

18 қараша күні Оралдағы Жеңіс алаңында Ұлы Отан соғысы кезінде Украина жерінде 1943 жылы ерлікпен қаза тапқан қазақ жауынгері Баянқожа Қабашовтың мүрдесі туған жеріне жеткізілуіне орай қаралы жиын өткізілді.

Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған өңір басшылығы, марқұмның тума-туыстары, ҰОС-ның ардагерлері, «Фронтовичка» бірлестігінің мүшелері, Ақтөбе қаласы мен Украинадан келген іздестіру тобы, оқушылар мен студенттер, қала тұрғындары, Зеленов, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарының өкілдері қатысты. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына жетпіс жылдан аса уақыт өтсе де, оның салған жарасы бүгінге дейін ұмытылған жоқ. Ол соғысқа 1 миллион 200 мың қазақстандық қатысып, 420 мыңы қаза болған еді. Батыс Қазақстаннан 76 мың адам қатысып, 36 мың 548 адам ұрыс даласында мәңгілікке көз жұмды. Облыс тұрғындары арасынан 40 адам Кеңес Одағының батыры атағына ие болып, 6 адам «Даңқ» орденінің толық иегері және көптеген жауынгер әр түрлі марапатқа ие болды. Кім болса да, атағы мен шеніне қарамай, соғысқа қатысқан әр жауынгерге құрмет көрсету - парыз. Қазіргі таңда облыста Ұлы Отан соғысына қатысқан 402 ардагер бар. Оның ішінде 322 адам Орал қаласында тұрады. «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмасы аясында жергілікті әкімдік ҰОС ардагерлеріне түрлі әлеуметтік жеңілдіктер көрсетуде. Баянқожа Қабашев ағамыз соғыста қандай ерлікпен қаза тапқаны жөніндегі мәлімет бізге жетіп отыр. Өзімнің және сіздердің атыңыздан Баянқожа ағамыздың мүрдесі табылуына үлкен көмек көрсеткен ақтөбелік Асылбек Исмурзинге және украиналық әріптестерімізге зор алғыс білдіремін», деді әкім. Бұдан кейін қорғаныс істері жөніндегі облыстық департаменті бастығының орынбасары Мұратбек Сәрсенғалиев, ақтөбелік іздестіру тобының жетекшісі Асылбек Исмурзин, Украина елінен келген ізші Дмитрий Орлов, Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин, «Облыстық Ауған соғысының мүгедектері және ардагерлер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тахир Қосжанов сөз сөйлеп, ерлікпен қаза тапқан Баянқожа рухына бас иді. «Баянқожа Қабашұлы Отан қорғау жолында жанын қиды. Ол болашақ үшін, біздің бүгініміз үшін, адамдардың бостандығы үшін, кейінгілерге бейбіт күннің қызығын көрсету үшін құрбан болды. Отан үшін шейіт болған Баянқожадай ерлер ұрпақ жадынан еш уақытта ұмтылмайды» десті олар. Бұл жерде А.Исмурзиннің дерегі назар аударарлық. Оның сөзіне қарағанда, луганскілік іздестіруші топ Изюм қаласының маңына барып, зерттеу жұмыстарын жүргізген кезде блиндаждың ішінен жауынгердің сүйегі табылған. Сүйекті ептеп ашып қарағанда, бойтұмарынан (медальон) марқұм Баянқожа Қабашов туралы құжат шығады. Жерді әрі қарай қазған кезде бес бірдей неміс солдатының сүйегі табылады. Бұл темір белбеудегі немісше жазулар арқылы анықталған. Осыған қарағанда, Б.Қабашов неміс блиндажына басып кіріп, ішіндегілерді өлтіріп, өзі де қаза тапқанға ұқсайды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев және Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин бастаған арнайы топ Мәңгілік алау ескерткішіне аза гүлдерін қойды. Бұдан кейін соғыста шейіт кеткен барша боздақтардың құрметіне үнсіздік минуты жарияланды. Жауынгерлер аспанға үш дүркін оқ атты. Мемлекеттік Әнұран ойналды. Батырдың мүрдесін туған жері Қаратөбе ауданы Сулыкөл ауылдық округіндегі жұрты да тебіреніспен қарсы алды. Мұндағы қаралы жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев жүргізіп, сол бір зұлмат жылдардың аудан халқына әкелген қасіретін баяндады. Батырды жерлеу рәсімінде орын алған кейбір құбылыстарға назар аудармау мүмкін емес. Алдымен Баянқожаның сүйегі туған жеріне жете бергенде таң мезгілінен бері үйіріліп тұрған төбедегі тұтас бұлт сөгіліп, жер бетіне күн сәулесі төгіле бастады. Ал мүрденің өзі тірісінде, соғысқа кетерінде қимастықпен аттандырып салған аяулы жары Ақұштап пен тұңғыштары Сәндібек қабірлерінің дәл жанынан мәңгілікке орын тепті. Ақұштап әжей 1992 жылы дүние салса, баласы Сәндібек 1995 жылы көз жұмған. Таң қаларлығы сол, дәл сол жерге осынша уақыт өткенше өзге марқұм болғандардан ешкімнің жерленбей, қара жер туған ұлын күткендей, бос тұрғандығы. Жерлеу рәсімінен кейінгі шараларда сөз алған ауыл ақсақалдары бұл, бір жағынан, қазаны жерлеу болса, екіншіден, қуанышты дерек, ұмытылмас тарих, жергілікті жерден шыққан батырға деген мақтаныш екенін айтты. Қаратөбе ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин Украинадан келген ізші Дмитрий Орловқа зор алғыс білдіріп, қазақтың қара домбырасын сыйға тартты. Ал Баянқожа ұрпақтары осы бір үлкен істің басынан аяғына дейін ат салысып, еңбек сіңірген азаматтардың иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін