Украиндық «Хочу жить» жобасы Ресей әскерінің қатарында соғысып жатқан қазақстандықтардың тізімі делінген әлдебір деректі жариялады, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Тізімде 661 адам бар. Оның ішінде 78 адам қаза тапқан.

Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысында Ресей әскерінің құрамында соғысып жатқан қазақстандықтардың тізімі жарияланды. Бұл тек аты-жөні белгілілері ғана. Ерікттілердің ақпараты бойынша, Украинада кем дегенде 3000 қазақ мерт болған. Дегенмен бұл тізімдегі адамдардың қаншалықты қазақстандықтар екені белгісіз.
Тізімдегі дерекке сүйенсек, Ресей әскеріне тартылған қазақстандықтардың ең жасы 18-19 жаста болса, ең үлкені 62-63 жаста.
Бұл ақпаратқа сәйкес Қазақстан ІІМ-нің министрінің орынбасары Игорь Лепеха пікір білдірді.
«Бұл ақпараттық қаншалықты рас-өтірігін білмейміз. Тексеру керек. Мен ол ақпаратты әлі көрген жоқпын», — деп жауап берді.
Ресей билігі 2023 жылдан бастап Украинаға қарсы белсенді түрде адам тартумен айналысады. Соғысқа жіберуге алғашқылар болып — Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан азаматтары тартылған.
Орталық Азия азаматтарын Ресей әскеріне тарту «алдау, жоғары жалақы уәде ету және қорқыту» арқылы жүзеге асады.
Біреуге кәсіпорыннан жұмыс ұсынылса, енді басқасына ай сайын қомақты жәрдемақы, тіпті Ресей азаматтығын беруге уәде береді. Ал кейбіреулерін түрмеге қамау немесе депортациялаумен қорқытады екен.
Статистика бойынша, Украинада жалдамалы сарбаздың келісімшартқа қол қойғаннан кейінгі орташа өмір үзақтығы — 130 күн. Ең қысқа мерзім — 9 күн.
Шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы сарбаз болу Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартатын құқық бұзушылық.
Ресей армиясының қатарында болып, Қазақстанға оралғандарға 12 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылу, мүлкі тәркілеу жазасы қарастырылған.
Kursiv.kz жазуынша, Ресей Украинаға әскери бақыншылық бастағаннан бері Қазақстанда қақтығысқа қатысқаны үшін 46 қылмыстық іс қозғалған. Одан бөлек жалдамалы болғандарға 7 іс ашылған.
Қаңтарда Ресей жағында соғысқан Ұлытау облысының тұрғыны 4,5 жылға сотталды. «Вагнер» тобы оған ай сайын 2,4 доллар береміз деген.
Бұл ретте әлеуметтік желіде тараған видеоға тоқтала кетейік. Омбы қаласының тұрғыны соғыста қаза тапқан қазақстандықтардың жерленген зиратын көрсетті. Видео авторының айтуынша, Ресей үшін соғысып қаза тапқандардың көпшілігі 20 жастан асқан қазақтың жігіттері. Халық қайғылы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, бұл қадамға кедейшілік итермелегенін жазып жатыр.