Бұл Украинаның ұлттық футбол құрамасы үшін 2006-жылғы әлемдік чемпионаттың іріктеу сайыстары бойынша өткізетін екінші жекпе-жегі.
4-қыркүйекте Копенгаген қаласында бұл құрама Евро-2004 біріншілігінде ширек финалға шыққан Дания құрамасымен 1:1 есебімен тең түсті.
Алматыға табан тіреген футболшылардың арасында Италияның «Милан» құрамасында ойнайтын Андрей Шевченко болған жоқ. Украина құрамасының бұдан басқа жетекші футболшылары түгелдей Алматыдағы сайысқа әзірленуде.
«Шевченко жаттығулардың бірінде жарақаттанып қалған. Жарақат ауыр емес, дегенмен, Шевченко Қазақстанның теңбіл доп майталмандарымен шеберлік сынасуға дейін денсаулығын қалпына келтіріп үлгермес еді»,- деп түсіндірді шабуылшының жоқтығын Украина құрамасының жаттықтырушылар штабындағылар.
«Біздің құраманың көптеген мүшелері көп жылдан бері ең жоғары деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жинақтаған. Біз жеңеміз деген сенімдеміз»,- деді Украина құрамасының ең тәжірибелі қорғаушыларының бірі Андрей Гусин.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін, 8- қыркүйекте кешкі сағат 21-де Алматыдағы Орталық стадионда Қазақстан және Украина құрамалары арасында 2006-жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінің сайысы өтеді. Қазақстандық теңбіл доп шеберлері чемпионаттың іріктеу ойындарына УЕФА-ның қолдауымен қатысқалы отыр.