«Ұл мүддесінен ұлт мүддесі артық болуы керек»-республикалық басылымдарға шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Ұл мүддесінен ұлт мүддесі артық болуы керек»-республикалық басылымдарға шолу

«Ұл мүддесінен ұлт мүддесі артық болуы керек»-республикалық басылымдарға шолу

Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде «Мақсатқа ортақ ерік-жігер мен ұмтылыс жеткізеді» деген тақырыппен көлемді материал басылды. Мақалада кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хат­шылығының жетекшісі Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығы отырысының жұмысы әрі қарай жалғасқаны, онда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері ІV съезінің басты тақырыбы, күн тәртібі және оны өткізудің пішіні туралы мәселе қаралғаны туралы жазылған.

  • 22 Маусым 2011
  • 514
Фото - Caravan.kz

«Ет экспортын дамыту бағы­тында үстіміздегі жылы Қазақ­станда 18 мың бас ірі қара ұс­тауға негізделген бордақылау алаңдары ашылу керек. Бүгінгі күні «ҚазАгро» холдингі несие ресурстары есебінен 14 мың бас малды бір мезетте ұстауға бо­ла­тын 4 бордақылау алаңын қар­жыландыру мақұлданған. Олар Ал­маты және Ақмола облыс­тарын­да орналастырылатын бо­лады», — делінген «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Етті мал шаруашылығын дамыту жайы қаралды» деген мақалада. Мақалаға Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздегі етті мал шаруашылы­ғын дамыту туралы мәселе қаралғаны арқау болған.

«Нұралықтар неден қорқып отыр?». «Айқын» газетінде осындай тақырыппен басылған материлда Қарағанды қаласындағы базарларында сарып ауруына шалдыққан малдың еті сатылып келгені, осындағы еттің сапасын тексерген прокурорлар осындай тұжырымға келіп отырғаны айтылады. «Облысқа қарасты Нұра ауданының прокуроры Асылхан Әділханов аудан аумағындағы ауылшаруашылығы және малдәрігерлік бөлімінің жұмысын тексеру барысында сатуға сойылған малдардың аса қауіпті жұқпалы ауру — сарыпқа шалдыққандығы анықталғанын айтып отыр. Ет сатып, шашетектен пайдаға кенелуді ойлаған жергілікті пысықайлар әлдебіреулер арқылы ауру малдың етін Қарағанды қаласындағы базарларда емін-еркін саудалап келіпті», — делінген мақалада.

Сондай-ақ «Айқында» Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановтан алынған сұхбат «Мәжіліс заң шығару арқылы жемқорлықпен белсенді күрес жүргізді» деген тақырыппен жарияланды. Мәжілістің қоғамның жегі құртына айналған сыбайлас жемқорлықпен күрестегі рөліне қатысты сұраққа берген жауабында Төраға: «Мәжіліс заң шығару арқылы жемқорлықпен белсенді күрес жүргізді дей аламын. Себебі осы шақырылымда парламентшілер жемқорлықпен күреске бағытталған 15 заңды қабылдады, 3 конференция мен 9 дөңгелек үстел өткізді», -деп атап көрсеткен. Сұхбаттың толық нұсқасына назар аударыңыз.

***

«Алаш айнасы» газетінде «Қызылжар гербіндегі кілт Буратинонікі болып шықты» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Қызылжар қаласының гербінде бейнеленген кілт көңілге кірбің салып тұр. Шаһар еліміздің ең шеті, яғни солтүстік қақпасы екенін білдіретін кілттің крест бейнесінде таңбалануында не сыр жатыр? Қазір мемлекеттердің ғана емес, әр қаланың өз рәміздері бар екені белгілі. Рәмізге қарап-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Ал Қызылжардың гербіне көз жүгіртсеңіз, қандай ой түйеріңізді де білмейсіз», — делінген мақалада.

Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Софы Сматевтың «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбаты «Ұл мүддесінен ұлт мүддесі артық болуы керек» деген тақырыппен басылды. Сұхбатта әдебиеттен бастап, қазіргі қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіген. С. Сматавтың пікірінше, бізде шын талантты ертерек өлтіріп алып, жылаған болып, әділет пен шындық іздеген болып жабыла мақтауымыз, жұмыла жоқтауымыз бар. «Сөзімізді дәлелдеу үшін Қасым Аманжоловтың биылғы 100 жылдық мерейтойын баспасөз бен басқа сөздерде жариялаудың жұтаңдығын көлденең тартар едім. Қазақ үшін Қасым әдебиеттің бір ғасырындай болған алыбы емес пе? Биыл 80 жылдығы атап өтілмек Мұқағали да сол Қасымның жырынан от алмап па еді?! Ендеше екі арысқа, екі ұлы ақынға, елдің екі ұлына бірдей құрмет көрсетсек, біз, шын мәнінде, адалдықтың құлы, әділеттің жоқтаушысы болар едік», — дейді жазушы.