Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Депутат жанайқайын желідегі парақшасында жеткізді.
“Ұлт ұстазы”, “Ұлт данышпаны” деген атағы жоқ Байтұрсынов қарапайым мұғалім, Абайларың жартылай ғана данышпан, ортаңқол ақын боп қалды-ауу?! Тоқтамаңдар! Атақ сатқыш ұйымдастырушыларға ұсыныс: майдаланбай-ақ қойыңдар.
Биылдан бастап “дүние жүзі бойынша нөмірі бірінші данышпан”, “ғаламдық ұстаз”, “планета академигі” деген атақтарды шығарыңдар.
Ғасыр деген тар ұғым. Бізге масштаб керек. Қадірін кетірмей, бағасын қымбат қылыңдар! Қалталы даңғойлар жарысып алады.
Ары кетсе бір депутат мінберден сынап бірдеңе айтар. Ал желіде “бұл қойылым” деп Дина Елгезек сияқты қарсы пост жазатындар табылады. Қалыптастан, жүйелі жұмыс істеп жатқан қоғамдық ұйымдар да жетерлік. Өз саласының мықтыларын марапаттай берсін. Мен тек медаль сатып, жыл сайын көлігін жаңалап отыру үшін ғана түрлі қоғамдық ұйымдар ашып алған бизнесмен пысықайлар жөнінде айттым. Кімдерді меңзеп отырғанымды өздері жақсы біледі.
”Ұлт ұстазы” дейтін атақты 200 мың теңгеден мұғалімдерге оңды-солды саудалау үшін қаншалықты арсыз болуың керек? Баяғыда “Ұлт ұстазы” деп Байтұрсыновтарды айтатын едік.
Медаль таққандардың санына қарасаң, Ахмет Байтұрсыновтың тұңғыш “әліппе” шығарғаны болмаса, қазіргі “ғасыр ұстаздарының” қасында қарапайым мұғалім ғана боп қалды-ау?!
“Ұлт ұстазы деген сөздер- салмақты, тарихи категориялар. Сувинер, тойбастар төсбелгісі деңгейіне түсірдік. Бұл — трагикомедия.
“Қазақстанның құрметті азаматы” деген төсбелгі таққандардың тіпті, санына жете алмадым.
“Ғасыр данышпаны”, “Ғасыр ұстазы” деген ордендерге де былтыр сұраныс аз болған жоқ. Ұйымдастырушылар Қазмедиа сияқты ғимараттардың залын жалға алып, қызыл кілем төсетіп, кәсіпкер, ақын, мұғаліміне дейін салтанатты түрде сахнаға шығарып марапаттап, 200-300 мың теңгелерін қағып алды.
Атаққұмарлыққа қызыққан байқұстар мәз. Ватсаптан таратып сүйінші сұрап әлек болды. Ішінде менің де таныстарым бар. Абайдың өзі ортаққол ақын, жартылай ғана данышпан боп қалғанына біраз болды. Себебі оның “ғасыр данышпаны”, “ғасыр ұстазы” дейтін ордені жоқ қой», — деп жазды депутат.