Ұлтаралық салада шиеленіс туындау мүмкіндігін дер кезінде сезіне алатын тетік қалыптастыру қажет - ҚР Елбасы
Елімізде ұлтаралық салада шиеленіс туындау мүмкіндігін дер кезінде сезіне алатын тетік қалыптастыру қажет. Бүгін, 23-желтоқсанда Қазақстан халықтары ассамблеясының 10 сессиясында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай пікір білдірді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі. |
"Бірінші кезекте мұндай тетік еліміздегі конфессияаралық келісімді нығайтуға және оны сақтап қалуға қызмет етуі тиіс",- деді ол.
Осыған байланысты Қазақстан басшылығы "ұлтаралық қарым-қатынастарды реттейтін заңнамаларды күшейтуге бағытталған ұсыныстарды қарауға дайын",- деді президент. Елбасы "еліміздегі ахуалды күрделілендіруге бағытталған барлық әрекетке түп-тұқиянына дейін тосқауыл қою қажет" деп атап көрсетті.
Н.Назарбаев осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі бірқатар БАҚ-тардың басшылары ұлтаралық қарым-қатынастар саласындағы проблемаларды баспасөз беттерінде жариялау этикасы туралы айрықша маңызды құжатқа қол қойғанын еске сала кетті. "Бұл құжаттың талаптары негізінен орындалуда",- деді Елбасы. Алайда, содан бері де жүздеген жаңа БАҚ-тар пайда болды, "олардың бәрі бірдей аталмыш құжатқа қол қоймаған болар",- деді Н.Назарбаев. "Ұлтаралық келісім мәселесі бойынша кейбір БАҚ-тарда жарық көрген әдепті деуге ауыз бармайтын кейбір мақалалар бұған дәлел",- деді Елбасы.
Мемлекет басшысы ҚР ақпарат министрлігіне Ассамблея кеңесімен бірлесе отырып осы мәселемен айналысуды тапсырды.
Сондай-ақ, президент Ассамблея кеңесіне үкіметтің жанындағы діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі кеңеспен бірлесе отырып Қазақстандағы конфессияаралық қарым-қатынасқа, мемлекет пен діни бірлесіктер арасындағы өзара ықпалдастық саласындағы проблемалар жиынтығына қатысты ұсыныстар енгізу жөнінде тапсырма берді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін